| Емдік өсімдіктер Дәрілік кровохлебка (кровохлебка лекарственная). Көп жылдық, сабағының биіктігі бір метрге дейін жететін, шөп тектес өсімдік. Оның тамыры жуан, жан-жағына көп тармақталған. Сабағы тік өседі, қолмен ұстағанда оның 2-3 қырлы екені бірден білінеді. Тамыр жапырақтары ұзын сағақты, 7-25-ке дейін жапырақшасы бар. Гүлдері – майда, шымқай қызыл түсті. Маусым-тамыз айларында гүлдейді. Жемісі тамыз-қыркүйек айларында піседі. Бұл өсімдік республикамыздың Орал, Гурьев облыстарында ғана кездеседі. Ол су жайылған шалғындарда, орман шетінде, өзендердің жағасында жиі өседі. Дәрілік шикізат ретінде тамыры мен оның бұтақшалары пайдаланылады. Тамыр күзде – қыркүйек айында қазылып алынады. Содан кейін топырақтан тазалайды да, суық сумен жуып, әр бөлігін 15-20 см етіп пышақпен кеседі. Алғашқы кезде туралған тамыр кесінділері шатырда кептіріледі. Тамыр кесінділерін темір пеш үстінде кептіруге болмайды. Себебі, ол қарайып кетеді. Егер дәрілік шикізат дер кезінде қазылса, дұрыс дайындалып сақталса, онда ол бес жылға дейін шипалық қасиетін жоймайды. Өсімдік тамыры мен тамыр-бұтақшаларының құрамында 25 пайызға дейін дубильдік заттар, 30 пайызға дейін крахмал, үш пайызға жуық қымыздық қышқылды кальций тұзы, бояғыш заттар, С және А витамині, фитонцидтер, өте аз мөлшерде эфир майлары, элагово қышқылдары бар. Тамырдың құрамында азықтық крахмал көп болғандықтан, адам баласы осыдан 100 жылдар бұрын азық ретінде пайдаланған. Халық емінде өсімдіктің тамырынан жасалған тұнбалар, басқа да дәрілік заттар асқазан мен ішекті емдеуге, жатыр мен бүйректен аққан қанды тоқтатуға қолданған. Сондай-ақ ауыз уылғанда оның кілегейлі қабығын шаюға да пайдаланған. Дәрілік мелисса (Мелисса лекарственная) Ол – биіктігі 70-120 см, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Сабағы түзу, төрт қырлы, сыртын түгелдей түк басқан, бұтақшалары көп. Жапырақтары – ақшыл-көк түсті, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан, сағақтары – ұзын, пішіні сопақша келген, жұмыртқа тәріздес. Жапырақтарынан лимон иісіндей иіс шығып тұрады, дәмі ащылау болады. Гүлдері майда, 6-10-ы жиналып, сабақтың ұш жағына шоғырланған. Гүл тостағаншасы түтікше тәріздес, 5-6 қалақшасы бар. Өсімдік шілде-тамыз айында гүлдейді. Гүлінен де лимон иісі шығады. Жапырақтарда, гүлінде лимонның иісі болғандықтан, халық мұны лимон шөбі, лимондық мелисса деп те атай береді. Негізінен, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының жерлерінде жиі кездеседі. Олар көбіне жабайы өсетін бұталардың арасында, тоғайлардың күн сәулесі көп түсетін тұстарында, тұрғын үйлердің, ескі мал қораларының майында өседі. Дәрілік шикізат ретінде сабағы, жапырағы, гүлі жинап алынады. Өсімдік гүлдей бастағанда жиналған дәрілік шикізаттың шипалық қасиеті жоғары болады. Дәрілік шикізат сапалы түрде кептіріліп, құрғақ орында сақталынады. Өсімдік жапырағының құрамында 0,3 пайызға дейін эфир майлары, 6-7 мг/пайыз шамасында протеин, 120-150 мг/пайыз аскорбин қышқылы, смолалар, илік заттар, кофеин, урсол қышқылдары және басқа да заттар болады. Өсімдіктің дәрілік шикізатының құрамында эфир майлары болғандықтан, оны нерв жүйесін тыныштандыру, ауырсынуды басу үшін қолданады. Сондай-ақ, дәрілік мелиссаның жүрек жұмысын жақсартатын, орталық нерв жүйесінің қозуын тежейтін қасиеттері бар.
|