| Қазақ жігіті әлем чемпионы атанды Сүйінші! Қазақ жігіті чемпион атанды. Талай додаларда топ жарып жүрген саңлақтардың өзін сан соқтырып, көк туымызды көкке көтерді. Әнұранымызды асқақтатты. Мерейімізді үстем етіп, кеудемізді қуанышқа кернетті. Кеше Алматыда бильярдтың құрастырмалы пирамида түрінен әлем біріншілігі аяқталып, жерлесіміз Ернар Чимбаев жеңімпаз атанды. Әлемнің 30-ға жуық елінен жетпіс шақты кий шеберлері қатысқан дүбірлі додада Ернардан бөлек, тағы бір қазақ жігіті Икрам Ахметов та жүлделі орынға ие болды. Бірден айта кетейік, жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құраған бұл дүбірлі додаға қатысу үшін Алатау баурайына әлемнің кіл мықтылары ағылған болатын. Дегенмен бұрындары талай додаларда топ жарған қырғыз Қаныбек Сағындықов та, украин Александр Паламарь мен Ярослав Тарновецкий де, басқа саңлақтар да чемпионаттың ақтық сынына жете алмады. Ал байсалдылығымен, сондай-ақ ерекше сабырлығымен көзге түскен алматылық Ернар Чимбаев қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Негізі, Чимбаев бильярдпен 10 жасынан бастап шұғылданып келе жатса да, бұған дейін әлем чемпионатына қатысып көрмепті. Бар жетістігі – Әлем кубогында 33-орынды иемденген екен. Ал Қаранеев, Паламарь секілді азулы қарсыластарымен бір-екі жолдастық ойындар өткізгені болмаса, олармен үлкен турнирлерде кездеспеген көрінеді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Алматыдағы әлем біріншілігі Ернар Чимбаев үшін дебютті чемпионат болған. Жартылай финалда Ернар тағы бір жерлесіміз түркістандық Икрам Ахметовпен кездесті. Икрам да жас болғанымен, Ернарға қарағанда аздап тәжірибесі бар. Мұндай додаларға қатысып жүргеніне біраз жылдың көлемі болып қалған-ды. Дегенмен бұл ойында Ернардың жолы болып, 6:5 есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалдың тағы бір жұбын құраған қырғыз спортшысы Қаныбек Сағымбаев пен украиналық қас шебер Ярослав Тарновецкий арасындағы ойында 6:4 есебімен айыр қалпақты ағайындарымыздың өкілі жеңді. Финалға жолдама алған Қаныбек жерлесімізді «оңай ұтам» деп ойлағаны анық. Көзінен «тезірек ойынды бітіріп, кубокты басымнан асыра көтерсем ғой» деген ойды оқу қиын емес еді. Содан болар, әр мүмкіндігінде асығыстық танытып, қателікке жиі бой алдырумен болды. Ал Ернар ерледі. Асықпай, әр мүмкіндігін ой елегінен өткізіп пайдаланып, шарларды діттеген жерлеріне бағыттап отырды. Яғни «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақтың нақыл сөзін ұран етіп, жеңіске жетті. Алты жеңіске дейін созылған ойын 6:2 есебімен Чимбаевтың пайдасына шешілді. – Жеңілісімнің басты себебі – қарсыласымды бағалаған жоқпын. «Қалпақпен қағып алам» деп өзімнің ұтатыныма сенімді болдым да, соның кесірінен ұтылып қалдым. Егер Чимбаев халықаралық дәрежедегі спорт шебері емес, ең болмағанда жай ғана спорт шебері болғанда, мен онымен басқаша ойнар едім, – деп жауап берді ойын соңында журналистерге берген сұхбатында қырғыз спортшысы. Алайда бұл жауапты біз «сасқан үйрек артымен сүңгидіге» теңедік те қойдық. Өйткені Сағынбаев жерлесіміздің мұның алдындағы кездесулерін де тамашалап, өнеріне тәнті болған-ды. Сәбит Бекенұлы, әлем чемпионының әкесі: – Балам бұл біріншілікке әбден дайындалды. Осыдан сегіз ай бұрын Ернар үшін бильярд үстелін сатып алып, үйге әкеп орнаттырған болатынмын. Балам таңертеңнен кешке дейін сонда жаттықты. Чемпионат басталарда: «Әке, Алла бұйыртса, бәрін жеңем», – деп ағынан жарылған. Міне, әлем чемпионы атанып, менің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің абыройын асқақтатты.
|