Негізгі бет » 2008 » Желтоқсан » 11 » 11.12.2008. Бізге интернеттегі қазақ тіліндегі ресурстар мен оның қызметін қолдау туралы заң қажет – дөңгелек үстел отырысы
11.12.2008. Бізге интернеттегі қазақ тіліндегі ресурстар мен оның қызметін қолдау туралы заң қажет – дөңгелек үстел отырысы
02:03
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бізде интернет жобалары заңнамалық тұрғыдан қорғалмайды. Еліміздің ақпараттық технологиялар саласындағы веб-сайттардың анықтамалары «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда ғана көрсетілген, оның өзі толық емес. Бүгін біз ғаламтордағы қазақ тіліндегі ресурстар мен оның қызметін қолдау туралы заңның аса қажет екендігін түсінуіміз қажет. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Қазақ тілі және ақпараттық технологиялар» атты дөңгелек үстел отырысында депутат Қайрат Сәдуақасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ресейліктер ғаламтордың орыстілді секторына бақылау орнатып, орыс тілінің одан әрі дамуына ықпал етуде. Мұндай жағдайда интернет желісіндегі қазақ тілінің жетілуіне қолайсыз жағдай қалыптасатындығы белгілі. «Оны болдырмау үшін біз серпінді шаралар қолдануымыз қажет», деді депутат.
Сондай-ақ ол сөзінде «Майкрософт» компаниясының қазақ тіліндегі интерфейсін жүйелі түрде қолданысқа енгізу қажеттігін айтып: «бұл алғашында мектептердің оқу бағдарламаларына енгізілуі керек. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшуі барысында осы талапты қоюдың нақты нәтижесі болады деген ойдамын. Осы аталғандар бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Оның жауабын табуға біздің қоғамның да мемлекеттің де толық мүмкіндіктері бар», деп атап көрсетті. http://inform.kz/