Негізгі бет » 2009 » Қаңтар » 1 » [01.01.2009.] 1 қаңтардан бастап сыртқы саясат тек қазақша сөйлейді
[01.01.2009.] 1 қаңтардан бастап сыртқы саясат тек қазақша сөйлейді
12:50
Қазақ елінің Сыртқы істер министрлігі 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми іс қағаздарын мемлекеттік тілге толық көшіруді аяқтайды. Дипломатиялық қатынастарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту барысында министрлік «Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2007-2008 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде біраз жұмыстардың басын қайырды. Астанадағы дипломатиялық корпуспен ара қатынаста қазақша, ал шетелдердегі қазақ елшіліктері сол елдің тілінде хат алысты. – Тәуелсіздік алғанымызға 17 жыл толғанына қарамастан, күні бүгінге дейін қазақ тілінде дипломатия қызметі жайлы бірде-бір оқулық басылған жоқ. Біздің студенттер Ресейден шыққан оқулықтар, халықаралық құжаттар және басылымдар арқылы дәріс алуда. Ал сол оқулықтар Ресей Федерациясының Конституциясы, Ресей Сыртқы істер министрлігінің құжаттары мен саяси бағытына арналып жазылған. Сондықтан еліміздің Білім және ғылым министрлігі тез арада осы аталған олқылықтарды түзетіп, қазақ топтарын көбейту, оларға ана тілінде оқу құралдарын басып шығару жұмыстарын қолға алуы тиіс. Шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша халықаралық қатынас және әлемдік экономика мамандықтарынан дәріс алып жатқан студенттеріміздің біразы мемлекеттік тілді білмейді, сондықтан мемлекет тарапынан шетел университеттеріне оқуға жіберілетін абитуриенттерден міндетті түрде қазақ тілін білуін талап ету қажет, – дейді Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сайлау Батырша. Министрдің бұйрығына сәйкес, ресми іс қағаздар, ноталар, хат алмасулармен қатар, ендігі жылдан бастап көлемі үлкен, мазмұны күрделі құжаттар және басқа да талдау-ақпараттық материалдардың қазақ тілінде орындалуына алдын ала даярлық жүріп жатыр. – СІМ-нің Орталық аппараты Астанадағы шетел елшіліктеріне және халықаралық ұйымдардың өкілдіктеріне ноталар мен хаттарды мемлекеттік тілде жібере бастады. Елшіліктер мұны оң қабыл алды. Дегенмен Түрікменстанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Сыртқы істер министрлігіне нота жазып, ҚР СІМ ноталарын орыс тіліне аударып жіберуін талап етті. Министр М.Тәжин Қазақстан Конституциясында бекітілген мемлекеттік қазақ тілі мәртебесін қорғап, елшіге Қазақстан заңнамалары бойынша Үкімет және мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін дамытуға және оның халықаралық деңгейін нығайтуға, дипломатиялық корпуспен ресми байланыста мемлекеттік тілді пайдалануға міндетті екенін алға тартты. Қуантарлық жағдай, ҚР СІМ-і мемлекеттік тіл туралы өз нақты позициясын ұстанып, елшіліктерге біздің заңымызды сыйлата білді. Қазақ дипломатиясының мемлекеттік тілге жоғары мәртебе беруі және оны халықаралық қатынаста қолдануы еліміздің шетелдердегі оң имиджін арттыруы сөзсіз, – дейді Сайлау Батырша.