Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылының көшелерінде «Лимузин» зулап жүр. Ерекше көлікті ағайынды егіз жігіттер – Есен мен Аман Байдуллиндер ескі «Москвичтерден» құрастырған. Ауылдағы ағайынды жігіттердің қолынан шыққан ұзын автоны тойға жалдауға сұрап келушілер де табылып жатыр. Бір қарағанда сыртқы келбеті зауыттыкіндей, сыр бермейтін, еш міні жоқ көлік көпті таңғалдырып келеді. Автоның ұзындығы – 6,5 метр. Көлікте жеті орын бар, оның екеуі алдыңғысы, бес орын артқы қапталында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Ағайынды жігіттердің бірі Есен Байдуллин бір кездері Атыраудағы мұнай компанияларының бірінде жұмыс жасап жүргенде, ғаламторда ескі «Запорожецтерден» жасалған лимузинге көзі түссе керек. – Дәл сол уақытта ауладағы бірі жүріп тұрған, екіншісі істен шыққан екі «Москвичті» әурелеп көру керек екен деген ой туындады, – дейді Есен. – Бізде тіпті машина қоятын гараж да болмады. Сондықтан осы көктемде қар кеткен бойда сыңарым Аман екеуміз ескі машиналарды біріктіре бастадық. Тым жақсы «Лимузин» жасап шығардық. Көліктердің бірі 1979 жылы шығарылған. Екіншісінің шыққанына 25 жыл болыпты. Қос көліктен жаңа көлік жасау үшін ағайынды Есен мен Аман үш ай еңбек еткен. Екі көлік рамка арқылы жалғанған. Қосалқы бөлшектерге жігіттердің есебінше 30 мың теңге шамасында жұмсалған. Құрастыру жұмысы үш айға созылыпты. Ауылдық жерде асфальт та жоқ. Ұзын көліктің қатынауы өзіндік қиындықтар да туындатуы мүмкін. Дегенмен жігіттер қарап отырмайды. Көлікті пайдалану үшін арнайы рұқсат керектігін олар да керемет түсінеді. Сондықтан да алдағы уақытта облыс орталығына келіп, көлікті техникалық тексеруден өткізбекші. – Дәл қазіргі таңда үйдегі күрделі жөндеу, құрылыс жұмыстарынан қолым босамай жатыр. «Лимузиніміз» туралы жергілікті көлік сақшылары біледі, – дейді Есен. Алдағы уақытта егіз жігіт шетелдік автолардан да осындай «лимузин» құрастырмақшы. Олардың пайымынша, шетелдік автоларды бөлшектеу оңайға соғатын көрінеді. Жалпы, көлік атаулының бірден-бір жолаушысы – адам баласының қауіпсіздігін де ескеру керектігі анық. Сондықтан «Ақтөбеде жасалған» «ұзын арбаның» техникалық жарақтылығы тексерілуі қажеттігі аңғарылады. Жол сақшылары да мұны естен шығармас. Дегенмен жас жігіттердің мұндай бастамасы қуантады. Ауылдық жерде жүріп-ақ, жаңашылдыққа ұмтылған ағайындылардың бұл әрекетін құрбы-құрдастары мақтан тұтады. Есен де, Аман да бала жастан көлікке құмар болып ер жеткен. Бүгінде Есен үй шаруасындағы жұмыстардан қолы босамайтын болса, сыңары Аман ауылдағы мұнай мекемелерінің бірінде жүргізуші болып еңбек етеді. Ауыл аймақтағы көлігі бұзылғандар Есен мен Аманды іздейді. Шебер жігіттер кез келген көлікті «шашып» тастайтын болса керек. Ауылдың көлік жөндеушілері де осы жігіттер. Ағайынды Есен мен Аман Байдуллиндер не бары 22 жаста. Ақпарат көзі: