Өтіп бара жатқан жыл Қазақстанның «ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» арулары үшін сәтті болды. Хас сұлулар бұл жылы халықаралық байқауларда топ жарып, еліне олжалы оралды. «Сұлу тәжін» иемденген олар ажарымен ғана емес, ұлттық киім, өрелі өнерімен жұртты таң қалдырған. «Әлемнің ең кішкентай сұлуы 2008» байқауының жүлдегері Сабина Шәріп небары бес жаста. Десе де еліктей сүйкімді қыз классикалық үнді биін жетік меңгерген. Техникасы күрделі бұл биді Сабина еш қиындықсыз билеген сәтте жас дарынның таудай талабы көз сүйсіндіреді. Халықаралық сарапшыларды өнерімен тәнті еткен Сабинаның ендігі арманы сұлулық байқауларында жеңіс тұғырынан көріне беру. Шымкенттің тағы бір сұлуы София Килисиди осы жылда екі рет жеңіске жетіпті. Бірі – Йоханесбургте өткен «Сән әлемінде» «Сұлу тәжін» иемденсе, екіншісі Египетке өткен сұлулық пен таланттылардың Еуразия байқауында жүлделі бірінші орынды иеленген. Не бары 9-сыныпта оқитын София спорт, қолөнер және бимен айналысады
София Килисиди, Еуразия сұлулық пен таланттылар байқауының жеңімпазы: - Бұл жыл мен үшін сәтті өтті. Осы жылда қол жеткен жетістіктерім үшін көп еңбектендім. Менің қатысуымды қалаған халықаралық байқаулардан 4 өтініш келіп түсті. Енді сиыр жылы, 97 жылғы болғандықтан, бұл менің жылым. Өткен жыл сияқты көптеген қуанышқа кенелемін деп ойлаймын.
Ал сәмбі талдай бұралған алматылық хас сұлу Альфина Насырова тышқан жылында толағай табыстарға қол жеткізіпті. Ол «Әлем аруында» дүниежүзінің жүздеген сұлуларын шаң қаптырып, «әлемнің ең сұлу арулары» атанған ондыққа енген. Альфинаның ендігі мақсаты – сән-құрастырушы (модельер-конструктор) мамандығы бойынша бітіру жұмысын қорғау. Сәтін салса экономист мамандығын да игеру.
Альфина Насырова, «Қазақстан аруы» байқауының жеңімпазы: - Барша қазақстандықтарға денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін. Жаңа жыл сіздерге жақсылық пен сәттілік әкелсін! Біздің отбасымызда артқа шегіну, бір орында тұру жоқ, тек алға деген ұранымыз бар. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп ақын жырлағандай көздеген мақсаты айқын қазақтың ару қыздары әлі талай жеңіске жетіп, Қазақстанның атын әлемге паш етеріне сенімді! Ақпарат көзі