Біздің Ата Заңымызда мемлекеттің ең басты байлығы адам екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Елбасы да әр сұхбатында, жыл сайынғы жолдауларында қоғамның халықпен, дұрысы, адаммен көрікті екенін айтудан жалыққан емес. Еліміздегі халық санын 20 миллионға жеткізу, одан қалса ана мен балаға әлеуметтік қолдау көрсету туралы идеяны Мемлекет басшысы тегін айтпайтыны анық қой. Сондықтан да біздер, яғни көпті көрген ақсақалдар адамды ойлау адамилықтың белгісі деп қуанып отырамыз. “Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады” деп ырымдайтын қазақ емеспіз бе? Дүниеге келген сәби атаулының өз несібесі болатынына кәдімгідей сенеміз.
Өткен жылдың басында Тараз қаласында тұратын Гүлмира Жолтаева есімді қазақтың қаракөз қызы үшемді (екі ұл, бір қыз) жарық дүниеге әкелді. Бұл Жамбыл облысының 75 жылдық тарихында болмаған оқиға еді. Гүлмираның отбасында үшемнен басқа Қасиет, Әділет, Нұрсұлтан есімді ұл балалары бар екенін, әрі олардың осы уақытқа дейін пәтер жалдап жүрген жандар екенін ескеріп, облыс әкімдігі жаңа баспананың кілтін тапсырар деп сенгенбіз. Себебі, республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің өткен жылғы 7 қазандағы нөмірінен Ә.Шыныбаева, Е.Шатова, А.Аманатиди есімді үшем тапқан аналардың әрқайсысына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің пәтер кілтін табыс еткенін оқыдық. Оның алдында осы газеттің 26 сәуірдегі нөмірінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовтің тікелей араласуымен Толқынай Қадырбаева есімді үшем тапқан анаға үш бөлмелі пәтер берілгені жарияланды. Бұл айтулы оқиғаларды ой елегінен өткізген біздердің Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембиннен азаматқа жарасатын жомарттық күтуіміз заңдылық болатын.
Гүлмира Жолтаеваның дүние есігін ашқан екі ұлы мен қызы Әділжан, Сабыржан, Сәлихат есімдерін иеленді. Тіл аузымыз тасқа, сәбилер аман-есен жетіліп келеді. Бірақ, бір жылдың ішінде үш рет пәтер ауыстырған бұл отбасының кірісі өте төмен. Шынын айтқанда үш балаға алатын 11 мың теңгенің көлеміндегі жәрдемақы пәтерақыдан артылар-артылмас деңгейде. Бұл туралы Жамбыл облыстық “Ақ жол” газетінің өткен жылғы 5 сәуір күнгі нөмірінде мәлімет берілді. 20 мамырдағы нөміріне “Үшем тапқан ана ұлықталуы тиіс” деген менің мақалам шықты. Өткен алты-жеті айдың ішінде Тараз қаласының әкімі І.Тортаевқа үш рет өтініш хат жаздым. Бірақ әкім жауап қайтарған жоқ. Соңғы рет облыс әкімі Б.Жексембинге хат жаздым. Ондағы ойым – қазіргі таңда бес ұл мен бір қызды алып пәтерден пәтерге көшіп жүрген отбасыға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да пайдамды тигізу еді. Алайда облыс әкімдігі 12 қазанда қала әкіміне тапсырма бергенімен, қалалық әкімдіктің Гүлмира Жолтаеваға берген жауабы ешқайсысымызды қуантқан жоқ. Ондағы мәлімет бойынша Тараз қаласынан үй алу үшін көп балалы Гүлмира ана 1677-ші кезекте тұр екен...
Өз басым Тараз қаласынан 21 шақырым қашық орналасқан Аса деген ауылдың тұрғынымын. Гүлмираның жағдайын біздің ауыл тұрғындары түгел біліп отыр. Бірақ қазіргі кезде үйдің нарықтағы бағасы тым қымбат болғандықтан, қолдан келер қайран жоқ. Осы хатты басқа мүмкіндік болмаған соң, әрі облыс әкімі дұрыстап ойланар, кеңшілікпен қарап, азаматтық танытар деген ниетпен жазып отырмын. “Ел іші – кеніш” демекші, жәрдем қолын созатын азаматтар табылып жатса тіпті қуанамыз. Мынадай ел аман, жұрт тыныш заманда жас балдырғандар тағдырдың тауқыметін тартпасыншы екен деген ой біздікі.
Шәріпбай БАЙДІЛДАЕВ. Жамбыл облысы, Аса ауылы. Ақпарат көзі