[13.01.2009.] 70 жастағы кейуана есірткі сатып ұсталды
15:35
Ақтөбеде үш әйелге қатысты заңсыз есірткі тасымалымен айналысқаны үшін айып тағылып отыр. Олардың қатарында 70 жастағы кейуана да бар. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Алмат Иманғалиевтің айтуына қарағанда, аталған қылмыстық топты 42 жастағы азаматша ұйымдастырған. Есірткі затын саудалауға оған құрбысы мен зейнеткер әжей де көмектесіпті. Үшеуі де былтыр қазан айында ұсталған болатын. Ол уақытта біреуінен 200 грамға жуық героин табылды. Есірткі заты ауланың ішінде жерге көміліпті. Қалған екеуінен 8 грамнан героин табылған. – Соңғы аталған екеуге есірткіні ұйымдастырушы беріп жіберген. Топ жетекшісіне қатысты қылмысты ұйымдастырғаны үшін іс қозғалып отыр, – деп хабарлайды облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Баубек Есмаханов. – Қылмыстық үштіктің біреуі бірнеше рет жазаға тартылған. Алайда ол заң бұзуды доғармады. Есірткі саудагерлерін тәртіп сақшылары бір жыл көлемінде аңдып жүрді. Осы уақыт аралығында есірткі алмақ болып, оларға саудаласып та барыпты. Олардың әрбір әрекеттерін тәртіп сақшылары құжатқа тіркеп отырады. Айта кету керек, ұйымдастырушы әйел Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны екен. Күйеуі осындай қылмысы үшін жазасын темір тордың арғы жағында өтеп жатса керек. Басқарма бастығы Баубек Есмахановтың хабарлауынша, бүгінде аталған әйелдерге қатысты Қылмыстық кодекстің 259-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Олар 15 жыл мерзімге дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. ІІД мәліметіне сүйенсек, есірткі бизнесімен күрес басқармасы өткен жылы заңсыз есірткі айналымына қатысты 300-ге тарта қылмыстық істі ашыпты.