[14.01.2009.] ГАЗА СЕКТОРЫНДА ҚАНТӨГІС ТОҚТАТЫЛСЫН!
18:47
ГАЗА СЕКТОРЫНДА ҚАНТӨГІС ТОҚТАТЫЛСЫН!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемесі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Палестинаның Газа секторының аяусыз атқыланып, бомбыланып, одан бейбіт халықтың нақақ қаны төгіліп жатқанын айыптаумен қатар күрескер халықпен ынтымақтас екенін мәлімдейді және жауласушы жақтарды дау-жанжалды тоқтатуға, ал әлемдік қоғамдастықты Палестина – Израиль шиеленісін бейбіт жолмен реттеудің барлық мүмкіндігін қарастыруын жөн санайды.
Израиль Газа секторын зымырандармен атқылап, бомбылауды тоқтатар емес. Нысанаға ХАМАС қозғалысының әскери құрамаларының басқару ғимараттары алынуда. Ұшақтар шабуылдауда. Тек Газа қаласының өзінде ғана бірден жеті нысанаға зымыран жаудырылған. Соның салдарынан әлденеше жүздеген бейбіт халық, балалар мен қарттар, әйелдер құрбан болды.
Жарияланбаған соғыс тыйылар емес. Бұдан бейбіт халық зардап шегуде. Израильдықтардың шабуылына жауап та беріліп, онда да өлім-жітімге ұшыраушылар жоқ емес. Сөйтіп 60 жылдан бері дау-жанжалдан көз ашпаған Таяу Шығыста соғыс өрті өршіп барады.
Зымырандармен толассыз соққы берудің жалғасуына наразылық ретінде бұл күндері көптеген араб елдері мен әлемнің бірқатар астаналарында көшелерге жүздеген мың адамдар шықты. Наразылық митингілері мен шерулер Бейрут, Каир, Бағдад, Амман, сондай-ақ Ыстамбұл, Париж, Нью-Йоркте өтіп, олар сондағы Израиль елшілігі алдында жалғасуда. Талап – Палестинадағы бейбіт халықтың нақақ қаны төгілмесін, дау-жанжал тоқтатылсын!
Йемен, Катар, Либия мен Сирия басшылары Израильдың палестиналықтарға шабуылын тоқтату үшін Каирде араб мемлекеттері Лигасының төтенше бас қосуын шұғыл шақырылуы қажеттігін мәлімдеді.
Қазақстан мұсылмандары ел басшылығының Таяу Шығыс дау-жанжалын реттеудің кешенді бағыт-бағдарын қолдайды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан келіссөзге қатысушылардың кеңейтілуін жақтайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Газа секторындағы бейбіт халықты қайғы-қасіретке ұрындырған бұл әскери текетірестің неғұрлым тезірек тоқтатылуы қажет деп санайды.
Біз өз құлшылықтарымызда Алла тағаладан тағдыры әділетсіздік пен қайғы-қасіретке толы озбырлыққа ұшырап жапа шегіп отырған Палестина халқының бейбіт өмір сүруін, қантөгістің тезірек тоқтатылуын тілейміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел мұсылмандары атынан Израиль басшыларын ақылға келіп әскери ұрыс қимылдарын, қантөгіс пен зорлық-зомбылықты тезірек тоқтатуға шақырады.