15.01.2009. Аспандаған айыппұлды қайта қарау керек
16:28
«Ереже сақтау үшін емес, бұзу үшін жасалған» деген кері кеткен нақылды «ұран» етіп алған желөкпе жастар заңға шекесінен қарай бастаған. Олардың халық көп жүретін қала көшелерінде бәйгеге түсетінін былай қойғанда, көлік руліне масаң күйде отыруы әдетке айналып еді. Қандай да бір тәртіп бұзушылықпен жол полициясының қолына түсе қалса, жоғарыдағы аға-көкелеріне телефон шалып, қоқан-лоқы көрсететін, тіпті болмаса инспекторға пара беріп, оп-оңай құтылып кететін. Бұған оқымай-ақ жүргізуші куәлігін сатып алған бірнеше мыңдаған сауатсыз жүргізушілерді қосыңыз. Осының кесірінен соңғы он жылда қазақ елі 28 мың адамнан айырылғанын талай рет күйіне жазған болатынбыз. Егер әр он жыл сайын 28 мың адамнан айырыла берсек, онсыз да «қайтсек қарамыз көбейеді» деп отырған елдің демографиялық ахуалы қандай күйге ұшырамақ?! Осыны әуелі БАҚ мәселе етіп көтеріп, соңынан Үкімет тәртіп бұзушылықты шектеуге бағытталған бірнеше нақты іс-әрекеттерді қолға алғаны белгілі. Бұған «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның күшіне енуі де ерекше ықпал етті. Сөйтіп, тәртіп қатайды. Айыппұл көлемі көтерілді. Жай ғана көтерілген жоқ, айыппұл аспанға шықты... Жұрттың бәріне белгілі, бүгінде бүкіл әлемнің басына түскен қаржы дағдарысы қазақ елін де айналып өткен жоқ. Кеше ғана Министрлер кабинеті 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін 25 кәсіпорын күйреп, банкротқа ұшырағанын, осы жұмыс орындарының 72196 жұмысшысы жұмыссыз қалғанын жария етті. Жалпы, елімізде 234 ірі кәсіпорын күйзеліске ұшырап, жарқабағында тұрса, оларда еңбек етіп жатқан 72176 жұмысшы ішінара ғана жұмыспен қамтылу жағдайына көшірілген көрінеді. Бұл ресми ақпарат қана. Ал, шын мәнінде, бүгінде барлық мекемелерде, қаржы жүйелерінде қысқартулар жүріп жатқаны, соның нәтижесінде жүздеген адам жұмыссыздар қатарын толықтырғаны – өмір шындығы. Билік те, қарапайым халық та білетін бір шындық – дағдарыстың себебінен болатын қысқартулар мен жұмыс орындарының жабылуы бүгін- ертең тыйыла қалғалы тұрған жоқ. Бұл жағдайда қаржы дағдарысының себебінен онсыз да «ұртын алып, мұртына жалғап», астындағы ескі көлігімен жолаушы тасып, күн кешіп жатқан, тұрмысы нашар, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтағы адамдарға аспандаған айыппұл ауыр тигені анық. О баста жол ережесін бұзғандарға айыппұл көлемін бірнеше есе көтеру мәселесінде депутаттардың да пікірі екіге жарылған. Бір парасы «айыппұл халықтың жалақысына сай келмейді, ауыр тиеді» десе, екіншілері – «он жылда 28 мың адамнан айырылуымызға себеп болған жол бойындағы тәртіпсіздікті тек осындай қатаң шаралармен ғана тыюға болады» дегенге саятын пікір ұстанған. Ақыры екінші топтағылардың дегені болды. Алайда бұл қатаң шара аз уақыт ішінде өз жемісін бергенін де ашық айтуға тиіспіз. Қазір жол бойында жүргізушілер ішімдік ішіп, көлік жүргізу, шектелген жерлерде жоғары жылдамдықпен жүру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, қарсы жолға шығып алу, сақтық белдікшесін тақпау сияқты тәртіпсіздіктен тез тыйыла бастады. Десек те, кей айыппұл көлемі жұрттың ең төменгі күнкөріс деңгейіне жуықтас, қайбірі одан да жоғары болып шыққандықтан, айлығы шайлығынан артылмайтын қоғамның орта және ортадан да төмен тұрмыс кешетін тобы оны төлей алмайтын жағдайда. Көз көріп, көңіл сенуі үшін ең жиі кездесетін ереже бұзу түрлері мен оларға салынатын айыппұл көлеміне мысал келтіре кетелік. Мәселен, көптеген жүргізушілер өздерімен бірге өрт сөндіру құралын алып жүруді және көліктің өрт қауіпсіздігін сақтау үшін техникалық тексерістен өткізіп, ақауын жөндетіп алуды ескере бермейді. Бұл жағдайда көлікте өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін, 2336-5800 теңге аралығында, қайталаса, 3504-11680 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Біздің елде айнадай жарқырап жатқан тас жолдардан гөрі лайсаң, ми батпақ жолдар жетерлік. Жауын-шашынды күндері көлік нөмірін батпақ басып, оқылмай қалатыны – қалыпты жағдай. Алайда көлік нөмірі оқылмайтын болса, жүргізушіге 5840 теңге айыппұл салынады. Осы тәрізді жол-жөнекей сіздің тежегішіңіз істен шықты. Амалдап алдағы елді мекенге жетіп алуға тырысарыңыз анық. Алайда сізді жол полициясы осындай жағдайда тоқтата қалса, тежегіші, рульдің басқару тетігі істемейтін көлікті жүргізгеніңіз үшін 17520 теңге айыппұл төлеуіңіз керек болады. Бұл күндері жұрттың көпшілігі 7-12 орындық шағын автобустар сатып алып, сонымен қала, облыс араларында адам тасып, нәпақа табатыны белгілі. Көлік болған соң жол бойында бұзылады, басқа да жағдайларға тап болуы кәдік. Олай болғанда, жолға шығар алдында тексерілмеген микроавтобусты жүргізгені, жолаушы тасымалдағаны үшін жеке кәсіпкер – 5840-11680 теңге аралығында, мекеме басшысы – 11680-29200 теңге аралығында айып тартады. Бұл күні өмірді қалта телефонынсыз елестету қиын. Алайда рульде келе жатып жол үстінде ұялы телефонмен сөйлескеніңізді жол полициясы көрді дегенше, 5840 теңгемен, тағы да қолға түссеңіз, 8176 теңгемен қоштаса беруіңізге болады. Сол сияқты не көп, қала, ауыл көшелерінде жылдамдықты шектеу белгісі көп. «10-20» шақырым сағатпен жүру керек» деген белгіні байқамай қалсаңыз бітті, 5840 теңге, «20-40» шақырым сағат жылдамдықпен жүру керек» деген белгіні көрмей қалсаңыз, 11600 теңге, «40» деген белгіден 40-тан жоғары жылдамдықпен жүріп қойсаңыз, 17520 теңге айыппұл төлейсіз. Әрине, бұдан кейін «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей сақ боласыз, дегенмен тағы бір сүрініп, әлгі шектеуді тағы бұзсаңыз 23360 теңге көлемінде аспандаған айыпқа тап боласыз. Бүгінгі күні қала халқын қатты қапаландыратын жайттың бірі – көлік қоятын арнайы автоаялдардың аздығы. Жол бойында рұқсат ететін белгіден тыйым салатын белгі көп. Осыдан келіп рұқсат етілмеген жерге көлігін қойғаны үшін 5840 теңге айып төлеп, шырылдап жатқандарды күнде көреміз. Міне, осындай өзі де кедейліктен сирағы көрініп тұрған жұрттың тіскебасары айыппұлға кетіп, қиналып-ақ тұр. Ал айыппұлдың өскені байларға әсер етпеді десе де болады. Қарапайым халық айыппұлға кеткен әлгі ақшамен ең кемі бір апта өмір сүре алатын болса, байлар үшін ол мысығына тамақ әперетін тиын- тебен ғана. Сондықтан айыппұл көлемін байлардың қалтасына ыңғайлап емес, қарасы қалыңдау қарапайым қара халықтың қалтасы көтеретіндей етіп қайта қарау керек.