Бүгiн – Заманбек Нұрқадiловтiң туған күнi. Егер арамызда жүрсе, Зәкең дәл бүгiн 65 жасқа толар едi. Зәкеңнiң жары, халқымыздың сүйiктi әншiсi Мақпал Жүнiсованың туған күнi – 11 қаңтар. «Зәкең екеумiз туған күнiмiздi бiрге атап өтушi едiк...», – деп еске алады Мақпал. Зәкеңнiң беймезгiл қазасы тек өз отбасына ғана емес, күллi қазақ халқына да ауыр тидi. Халқының кемдiкте емес, теңдiкте жүруi үшiн күрескен, ұлтының сөзiн сөйлеп, ұлтының намысын жыртқан ердi елi де ұмытпайды екен. Ұмыта алмайды екен. Ұмыттырып жiберуге тырысатындардың бар екенiне қарамастан! Бұған төмендегi пiкiрлер куә! Серiкболсын Әбдiлдин: Билiк ауысқан күнi ауыр қылмыстардың бетi ашылады — Заманбектi жас кезiнен бiлетiнмiн. Алғаш кездескенiмiзде ол Алматы қалалық кеңесi төрағасының орынбасары болатын. Одан кейiн Заманбек менiң көз алдымда өстi. Егер шындық тұрғысынан келетiн болсақ, ол азаматтың жүрген жүрiсi, тұрған тұрысы, жасаған саясаты қилы-қилы болды. Бұл – түрлi талдауды, әртүрлi көзқарасты талап ететiн мәселе. Бiрақ, Зәкең соңғы уақытта, әсiресе, оққа ұшарынан бұрын көп мәселенi түсiндi. Қазiргi билiктiң жасаған ауыр қылмыстарын ашық айтуға кiрiстi. Осы тұрғыдан қарағанда, Заманбектiң тарихта алатын орны ерекше. “Заманбек сияқты шындықты ашық айтатын қайраткер адам жоқ” деп кесiп-пiшiп пiкiр айтуға болмайды. Ондай адамдар бар. Бәлкiм, салыстыруға келмес. Бiреу үзiлдi-кесiлдi айқайлап айтады, ендi бiреу басқалай жеткiзедi. Бұлардың бәрi халықтың көз алдында. Қайраткерлер республика, облыс, аудан, ауыл деңгейiнде де бар. Өз басым “жоқ” деген сөздi тәуiр көрмеймiн. Әсiресе, халықтың арасында қайраткер жоқ деу — дұрыс саясат емес. Бұл — халықтың көп нәрсеге көзiн ашқан аса ауыр қылмыс. Заманбек кiсi қолынан қаза тапты. Оның үстiне Заманбектiң рухы әлi тыныштанған жоқ. Оған қиянат жасалды. Бұл қылмысты ашу-ашпау қазiргi билiктiң ықтиярында. Бiрақ, билiк бұл қылмысты ашуға ниет бiлдiрмей отыр. Осыған қарап-ақ, Заманбектiң өлiмiне қазiргi билiктiң қатысы бар деп үзiлдi-кесiлдi айта аламын. Қылмыстың қашан ашылары қазiргi билiктiң тiзгiнiн ұстап отырғандардың орнынан кетуiне байланысты. Бұл — айдан анық, күннен жарық жайт. Заманбектiң қазасынан бұрын жасалған әрi нақтылы бағасы берiлмеген Желтоқсан көтерiлiсi кезiндегi қылмыс, бертiндегi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiнiң қазасына қатысты қылмыстар әлi ашылмағанын көзi ашық жұрт бiледi. Халыққа қарсы жасалған бұл аса ауыр қылмыстар биыл ма, 2012 жылы ма, әлде 2015 жылы ма, әйтеуiр бiр ашылып, қылмыскерлер тиiстi жазасын алатынына сенiмiм кәмiл. Серiкқали Мусин, заңгер: Зәкеңнiң қазасы — қазiргi билiктiң масқарашылығы! — “Өзiн-өзi үш рет атты” деген билiктiң бос сандырағына жұрт ешқашан сенген жоқ, сенбейдi де. Бұған тiптi билiктiң өзi де сенбейдi. Ерте ме, кеш пе, бұл қылмыс бәрiбiр ашылады. Бiрақ, билiктiң қазiргi құрамымен Зәкеңнiң қазасының себеп-салдары анықталады деу — бекершiлiк. Ол үшiн уақыт керек және билiк ауысуы қажет. Жанды қинайтыны — билiк бiздiң қоғамда Заманбек Қалабайұлы деген адам мүлдем болмағандай, ешқашан ауыр қылмыс жасалмағандай сыңай танытып отыр. Тiптi, Зәкеңнiң қазасына қатысты пiкiр де айтылмайтын болды. Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiнiң қазасына қатысты қылмыстық iсте әйтеуiр бiр қозғалыс бар. Ал Заманбек Қалабайұлының қазасына қатысты iс еш қозғалыссыз. Темiрхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты: Қазақтың кеудесiн бастырмаймын деп едi – Мен Заманбек Нұрқадiловке көзiнiң тiрiсiнде де құрметпен қарадым. Ал қаза болғаннан кейiн оның есiмi мен үшiн мүлде биiктей, асқақтай түстi. Айрықша қадiрлейтiнiм, ерекше құрметтейтiнiм – Зәкеңнiң батылдығы, ерлiгi, қайсарлығы. Сонан кейiн, намысқойлығы. Заманбектiң тып-тыныш өмiр сүруiне әбден болатын едi. Оған оның ақшасы да, беделi де, абыройы да, атағы да артығымен жететiн. Бiрақ, әдiлетсiздiк, сыбайлас жемқорлық, қазақтың байлығының кiм көрiнгеннiң қолында кетуi, ұлттық мақсат-мүддемiздiң аяқасты болуы, ұлттық кадрлардың шеттетiлуi оған маза бермедi. Оның саяси жүйеге қарсы шығуы да содан. Заманбек Нұрқадiлов ешкiмге кеудесiн бастырған жоқ. Және сонымен бiрге ол қазақтың да кеудесiн ешкiм баспаса екен деп күрестi. Мұндай қайраткерлер қазақта өте аз, аса сирек. Сондықтан да бiз Заманбек Нұрқадiловтiң жарқын бейнесiн ешуақытта ұмытпауымыз керек. Оның қазасының сыры мен шындығын ашуға қолдан келгенше тырысуымыз керек. Ерсайын Төлеубай, режиссер, Қазақстанның халық әртiсi: Зәкеңе бiз мәңгi қарыздармыз – Өнер адамдарының ортасында жүргендiктен, өзiм бiлетiн мына бiр деректi айта кетсем деймiн. Заманбек Нұрқадiлов бас-аяғы 1 жылдың iшiнде 18 өнер адамына үй алып бердi. Бұл – менiң анық-қанық бiлетiнiм. Ал мен бiлмейтiндер қаншама десеңiзшi?! Жақында ғана әншi Сұлушаш Нұрмағамбетова екеумiз әңгiмелесiп қалдық. Әңгiме барысында З.Нұрқадiловтiң 30-дан аса өнер адамына түрлi атақтар алып бергенi айтылды. Билiкте жүргендердiң iшiнде қазақ өнерiне, қазақ өнерпаздарына Заманбек Нұрқадiловтей жақсылық, жанашырлық жасағандар, әй, сирек-ау, сирек. Бiрдi-екiлi адам ғана. Қазақ өнерпаздары тым жалтақ, жасық келедi ғой. Қазiр солардың бiрде-бiреуi «Маған Заманбек Нұрқадiлов мынадай жақсылық жасап едi...» деп айтпайды. Неге? Қорқады, жалтақтайды. Бейшаралық-ай... Ұлттық өнер даму үшiн не iстеу керек? Ұлттық өнердi дамытатын ұлттық кадрларға жағдай жасау керек. Заманбек Нұрқадiлов осы жағдайды жасаудай-ақ жасады ғой ұлттық өнерпаздарға! Ол үшiн Зәкеңе бiз мәңгi қарыздармыз! Әр нәрсенiң обалы, сауабы болады. Обалы бар, сауабы бар нәрсенiң сұрауы да болады. Заманбек – сұраусыз кететiн көптiң бiрi емес. Iрi қайраткер. Зор тұлға. Сондықтан да оның қазасының сыры көп ұзамай ашылып қалар, айтылып қалар деген сенiмдемiн. Және бұған өз басым нық сенем де!