Азан шақырып қойған әп-әдемі аты-жөнімізді - ов, - ова, - ев, - ева, - ич, - ин сынды орысша жалғаулармен бұрмалаушылығымыз кеңес үкіметі билік құрған жетпіс жыл бойы қазақтың қыр ізінен қалмағанымен қоймай, әлі күнге дейін кенеше жабысып жүргені өкінішті-ақ. Бірақ соңғы он үш жылдан бері осы келеңсіз құбылыстан біржолата құтыла алмай жүргенімізге өзімізден басқа ешкімді де кіналай алмайтын сияқтымыз. Себебі мемлекет басшысының 1996 жылғы сәуір айының 2-індегі «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы (№2923) рухымызға жат аффикстерді алып тастап, "ұлы" немесе "қызы" сөздерін кеңінен қолдануымызға мүмкіндік берді. Бұрын Ивановты орыс ұлтының өкілі екендігін айтпай-ақ танысақ, грузиндер Махарашвили ретінде ерекшеленетін. Шыққан тегін ұлттық үрдіске сай рәсімдейтін әлем жұртшылығының қатарына қазақ халқының да қосылуына жалдық сипаттағы байқоңырлық бауырларымыз айрықша қуанған болатын. Ђкінішке қарай, облыстық Әділет департаментіне қарасты жергілікті сала мамандары арқылы жеке басын куәландыратын құжаттары мен перзенттерінің туу туралы куәліктерін ана тілімізде толтыртқан қазақстандықтар пәтерде тұратындардың есебіне тіркелер сәтте кездейсоқ кедергілерге кезігуде. Атап айтқанда, нотариус арқылы құжаттың түпнұсқасында жазылған барлық қазақша сөздерді (тегі, аты, әкесінің аты, туған жері, ұлты, куәлік берген мекеме) түгелдей дерлік тәржімалатуға тиістісің. Себебін сұрағандарға жауап дайын. Үй басқармасы мен құжаттарды рәсімдейтін құзырлы орындардың бәрі дерлік ресейлік. Ал көршіміздің конституциялық заңдары бойынша ресми іс-қағаздар тек қана мемлекеттік тілде, орысша толтырылады. Демек, олардың ұлттық альфавитіміздегі ә, і, ү, ұ қаріптерін қолданбайтындығы түсінікті. Түйткілдің түп-төркіні де осыған тіреліп тұр. Сондықтан қалай да қазақша ныспыңды уақытша өзгертуге міндеттісің. Бұл талаптары орындалмаса, федерациялық миграция қызметінің Москва облысына қарасты басқармасы құзырындағы Байқоңыр қалалық филиалы мекен-жайың жөніндегі анықтама бермейді. Бір жапырақ қағазың болмаса, қоршаулы қалаға кіріп-шығуға қажет рұқсатты алуың мүмкін емес. Ол рұқсат құжатсыз көрші билік милициясы күні-түні күзететін үш жақты тексеру бекеттерінен арлы-берлі өтудің өзі мұң. Қитұрқы келеңсіздіктерді көрген қандастарымыздың көбі қиындықтардан қашып қазіргі кезде құжаттарындағы қателерін түзетуге тәуекел етпек түгілі, ұл-қыздарының куәліктерін ана тілінде жаздыртуға құлқы жоқ. Тайталасқандардың төзімдері де таусылған сыңайлы. Үкімет биылғы жылдың басынан бұған дейін берілген паспорт пен жеке куәліктер қолдану мерзімі аяқталуына байланысты ауыстырылған жағдайда биометриялық белгісі бар жаңа үлгідегі құжаттардың ұсынылатындығын мәлімдегені аян. Заман талабына сай жасалған жаңалықты естіген отандастарымыз тағы қандай кедергілерге кезігерін білмей бастарын қатыруда. Керісінше екі ел азаматтарының құжаттарын рәсімдеу арқылы қыруар пайда тауып отырған жеке иеліктегі нотариалдық кеңсенің қызметкерлері алдағы уақытта келушілер қатарының көбейетіндігінен үмітті. Ђйткені олар қазақша құжатты орысшаға аударма жасатқан әрбір азаматтан мың теңгеге жуық ақша алуға әбден дағдыланған. Байқоңыр қаласында қазақша төлқұжатты тіркетудің тәлкегі тұрғындарды осындай тосын тығырыққа тіреп отырған жайы бар.