Руханият діни танымдық сайты -
Әлі-Бекен мешіті

ҚМДБ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ  | ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ  |   ЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ИСЛАМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ  |   ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР  |   УАҒЫЗ НАСИХАТ БӨЛІМІ

ДІНИ МАҚАЛАЛАР  |   БЕС ПАРЫЗ  |   ASYL-ARNA TV


Бүгін Жексенбі, 01.08.2010, 06:55


| RSS
Сайт мәзірі

Жаңалықтар бөлімі
Әлем жаңалықтары [777]
ҚМДБ жаңалықтары [131]
Ислам жаңалықтары [136]
Өзекті мәселелер [318]
Сұрақ-жауап [27]
Асыл-арна жаңалықтары [2]
Cұхбат... [12]
Денсаулық... [14]
Мәлімет... [11]
Ел жаңалықтары [754]
Уағыз-насихат бөлімі [74]

Шағын-чат

Сауалнама
Жасыңыз нешеде?
Жауап берілді: 281

Негізгі бет » 2009 » Қаңтар » 23 » НҰҺ ПАЙҒАМБАР ЖЕТІСУДА ЖЕРЛЕНГЕН БЕ?
+МоёМесто.ru Bookmark and Share
НҰҺ ПАЙҒАМБАР ЖЕТІСУДА ЖЕРЛЕНГЕН БЕ?
10:43
Қазақстанның әлемдік діндердің орталығы боламыз деп жанталасуы бекер болмай шықты. Оған мықты қазық бар екен. Қазық болғанда қандай! Забур, Тәурат, Інжіл, Құран Кәрімде бірдей айтылатын Нұһ пайғамбар жер жәннаты Жетісуда, онда да тура осы Алматыда жерленген болып шықты.
Бұрын Сақ-Үйсін күнбиінің көсемі санап жүрген Қажы баба дегенің енді анау-мынау емес, Нұһ пайғамбарға айналып шыға кел­ген. Оны біз Билеуші-Пайғамбар-Президент деген аты бар Бал­табай Рахымжановпен тілдес­кен­де бір-ақ білдік.
«Даудың басы – Дайра­бай­дың көк сиыры» демекші, бәрі Балтабайдың 1995 жылы Алма­тының түстік жағындағы бұрын «Ремизовка», қазір «Көктем» деп аталатын санаторийдің маңын­дағы Ерменсай деген дөңестен үш метр тереңдіктен басында қола шырағданы бар адамның қаңқа сүйегін тауып алуынан басталды. Қазба-мұраның табылуының өзі жатқан бір ертегі. Оны Балтабай Ра­хымжановтың өз аузынан ес­тиік. Ол кісі бізге бүй деді:
«Мәскеуде бизнеспен айна­лы­сып жүргенімде, түсімде бір ақ киімді адам «Алматыдағы сая­жайың­дағы жеріңді қаз, үлкен қа­зынаға кезігесің» деп қайта-қайта аян берді. Ол бес сотық жерде інім Құрманғазы тұратын. Содан үйдің алдынан жертөле қазып жатқанымызда, ұзындығы 1 метр 48 сантиметр алып адамның сүйе­гін, таза қоладан жасалған биік­тігі жарты метрлік үш аяқты шы­рағ­дан тауып алдық. Мұны сол кез­де-ақ «Хабар» арнасы кешкі жаңа­лықтарында бүкіл рес­пуб­ликаға көрсетті. Марқұм тарих­шы Манаш Қозыбаев пен архео­лог Карл Байпақов зерттеп, «ұзын­дығы екі метрден асатын бұл адам біздің бабаларымыз сақ-үйсін тайпаларының өмір сүрген кезімен тұспа-түс, яғни б.д.д. ІІІ-ІІ ғасыр» деген болжам жасады. Сөйтіп, қаңқа сүйек жеті жылдай ғалымдардың зерттеуінде жатты. Бір күні қаңқа сүйек түсіме еніп, «Мен Қажы бабамын. Маған тура 9999 жыл болды, мен сенің Пірің­мін, сен менің мұрагерімсің» деп аян беріп, жерлеуімді өтінген соң, сүйекті ғалымдардан алып, 2002 жылы Ремизовкаға жерледім. Әрине, бір қауым жұртты жиып».
Балтабайдың айтуынша, ол басында Қажы бабаның басына Қожа Ахмет Яссауидің кесене­сінен артық болмаса кем емес зәулім кесене тұрғызу үшін ішін­де Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиев, Мұхтар Әлиев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Ас­қар Құлыбаев, Салық Зиманов, Бердібек Сапарбаев сынды тұлға­лар бар атақты жүз адамға қол қойдырады. «Бұл тізім Елбасының қолына тиіп, содан Президент 24 гектар жер берді. Ол жерді Кош­кин дегенге келісімшартқа жалға беріп, өзім Мәскеуге кеттім. Біраз уа­қыттан кейін келсем, Кошкин менің жерімнің бәрін сатып, өзі Мәскеуге қашып кетіпті. Сөйтіп, ол жерден айырылып қалдым» дейді Балтабай. Ал түркі көсемін Түркістанға апарып та жерлемек­ші болған екен, ресми органдар рұқс­ат бермепті. Сонымен, Бал­та­­бай саяжайының түбіндегі же­ке­­ше­лендіріп алған көк төбеге жер­­ле­ген сүйектің басын қарай­тып, темір шарбақпен қоршап, құл­пы­тас орнатып, оған «Қажы баба. Б.э.д. ІІІ-ІV ғасыр. Сақ-үй­сін Күн­биі (көсемі). Бүкіл түркі ха­­лық­тарының ата-тегі. Бабалар­дың ба­басы» деп жазып қояды.
Сол тұста жазушы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» га­зетіне «Аяғыңның астына қара» де­ген мақала жазады. Қазба мұра­ны әлемге әйгілі етуді көздеп жүр­ген азаматқа ақ жол тілейді. «Не­гізгі айтпағымыз: осы азамат әлгі қазба мұра табылған жердің тура жанындағы төбеге саты с­а­лып, төбе үстіне қола шырағ­дан­ның көп есе үлкейтілген мо­делін қоладан құйдырмақ. Сон­да бұл Ұлы Жібек жолының бойын­дағы бағалы жәдігерлердің бі­рі болмақ. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дер үшін де осын­дай тарихи ескерткіштер кө­бейе берсе, Қа­зақ­стан туристер, жолаушылар үшін ең көрнекті елге айналмақ...
...Тарихқа жанашыр демеуші Балтабай сияқты азаматқа енді не істеу керек? Оның ақ ниетін іске асыру үшін, Ерменсай төбесіне ескерткіш орнату үшін Үкіметтің рұқсаты керек. Қалың көпшілік­тің ризалығы мен батасы керек» деп жазады Шерағаң. Ниет әбден дұрыс, әрине. Бірақ бұл ақ ниет­тің басқа жаққа ауып түсерін ол кезде Шерағаң қайдан білсін...
Ал енді қаңқа сүйектің бас жағы­нан табылған қола шырағ­данға келсек, үш аяқты өрнекті тағанның үстіне қола табақ қойылған. Табақтың жиегін 16 барыс тізбектеліп қоршап тұр. Ал табақтың ортасында сұ­лап жатқан таутекені екі көкбөрі екі жағынан үңгіп жеп жатыр. Оған екі қарға екі жағынан қарап тұр. Керемет пе, керемет! Қола шы­рағданның ары қарайғы тағ­ды­рын Балтабайдың өз аузы­нан естиік. Ол кісі бізге бүй деді: «Шыра­ғданды Орталық мемле­кет­тік музейге өткіздік. Бір күні Мәскеуден келсем, інім «біз өткіз­ген шырағдан музейде жоқ, сатылып кетіпті» дейді. Расында, Орталық музей әкімшілігі ірі шенеуніктердің араласуымен 50 миллион долларға түріктерге са­тып жіберіпті. Сол арада Қажы ба­ба түсіме еніп, «сүйек шыққан жер­ді қаз, тұмар табасың, оны тап­қан соң шырағдан қайта­рыла­ды, не тілегің де орындалады» деп аян берді. Сол тұмар қазір менің мойнымда. Бұл бойтұмарды генерал Сәт Тоқпақбаев арқылы Елбасыға көрсеттім. Бойтұмарды ұстап көрген Елбасы: «Қола шы­рағданды тауып, елге қайтарың­дар» дейді. Сонымен, 50 миллион дол­ларды қайта төлеткізіп, шы­рағ­данды Орталық музейге әкеліп қой­ғыздық. Қазір өзіміздің Орта­лық мемлекеттік музейде тұр. Ал Сәт Тоқпақбаев кейін қақ бөлін­ген тікұшақтан жұрт апатқа ұшы­ра­ғанда аман қалды. Ол – осы бойтұмардың арқасы».
Қажы баба қалай Нұһ пайғамбар болды?
Алматы облысына қарасты Сарыбұлақ совхозында ұзақ жылдар директор болған, КСРО өнертапқышы, Санкт-Петербург ха­лықаралық академиясы акмео­логия ғылымының академигі, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты Сайлыбай Бекбо­ла­тов: «Мәңгілік қазақ календары» деген кітабында «Нұһ пайғамбар­дың кемесі Қазығұртқа тоқтаса, өзі қай жерге жерленген?» дей ке­ліп: «Шырағдан айтабағында ашық айналып жүрген 16 барыс Ал­ланың ашық аяттары емес пе? Оның жер жәннаты Жетісуға жер­ленген алып адамның бас жағы­на қойылуы нені білдіреді? Сол адам Нұһ (ғ.с.) өзі деуге неге бол­масын?» деп, Нұһ пайғам­бардың Жетісуда жерленгенін ой­ша құрылған сөйлемдегі әріп­тердің орнына құпия сандар қою, яғни формула арқылы дәлелдеуге ұмтылады. Мағынасы сәйкес келетін сөздерді Құран аятта­ры­нан тауып, оның сан мәндерін салыс­тырып зерттеген ғалымның ай­туынша, Алла Тағала Адам атамен қазақ тілінде сөйлесіпті. «Оқы­мыстылардың ешқайсысы таба алмаған 16 барыстың құ­пия­сын Сайлыбай ағамыз тап­ты. Бұл Құрандағы «Құдайға құл­шылық ет» деген сөз екен. Құран бойынша «Нұһ пайғамбар 950 жыл жасап, жер жаннаты Жеті­су­да жерленген» деп көрсетілгенін аят­пен дәлелдеп отыр. Алматы – Же­тісу емей немене? Осыдан кейін бұрын Қажы Бабаның басына Нұһ пайғамбар деп жазып қойдық. Сөйтіп, Нұһ пайғамбар бізден шығып отыр. Жер бетіндегі 6,5 миллиард адамның ішінен маған аян берген соң, мен Нұһ пайғамбардың мұрагері болмай кім боламын?.. Жақында Сары­ағаш­та демалғанымда, мені Қа­зығұрт тауының басындағы кеме­нің үстіне шығарды. Көк қош­қарды құрбандыққа шалдым. Шырақшысы – белгілі шоумен-әртіс Бауыржан Ибрагимовтың туған ағасы Мұқан Ибрагимов екен. Сол Мұқан: «Балтеке, мен саған бір құдіретті көрсетейін» деді. Сөйтсек, жартастың ішінде Нұһ пайғамбардың үңгірі, оның ішінде намаз оқитын жері, қолы­ның, аяғының ізі бар екен. Тастың жарығынан Нұһ деген жазуды оқуға болады. Жартас бір тақта тасқа ілініп тұр. Егер ол тас кетсе, бүкіл Қазығұрт тауы кетеді. Ал ол таудың астында топан судың көзі бар, ол көтеріледі деген сөз. Жер бетін қайта топан су ба­сады. Бұдан артық қандай дәлел керек? Нұһ пайғамбардың Қазы­ғұрттан 900 шақырым қашық­тық­тағы Жетісуға келіп жерленуі әбден мүмкін ғой. Енді Нұһтың ба­сына кесене салу үшін менде қазір 800 мың адамның қолы бар. Енді осы тізімді 1 миллион адам­ға жет­кізіп, Президентке, Пар­ла­ментке, Үкіметке шыға­мын. Олар Нұһ пайғамбар­дың зәу­лім кесенесін салуға көмек­тес­песе, халыққа са­ла­мын. Бұл мәселені Сәт Тоқ­пақбаев баста­ған 10 депутат Кә­рім Мәсімовтің алдына қойып­ты. Күніне баба басында 10 қой сойылып жатыр. Жұрт құрбан­дық шалады. Көп бизнесмендер көмектесеміз деп жа­тыр. Мен ал­дағы Наурыз тойында бүкіл Қа­зақ­стан хал­қы­ның басты өкілдерін Нұһ пайғам­бар­дың басына жинайын деп отыр­мын. Наурыз Нұһ пайғам­бар­дан бас­тал­ған. Тойды осы жерде той­лайық. Тиындары болса, кө­мек­тес­сін. Мен бұл туралы кітап та жа­­зып жатырмын», – дейді Бал­табай.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетелік. Балтабай Ра­хым­жанов 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ау­данының орталығы Шаян ауы­лында туып-өскен. Алматы мал дәрігерлік институтын және аспи­рантурасын бітіріп, аталған оқу орнында 20 жыл ұстаздық еткен. Биология ғылымының кан­дидаты атанған. 1990 жылдан 2000 жылға дейін бір ірі фирма­ның ша­қыруы­мен Ресейде жұмыс істеген. Бір жылдай Францияда болады. Ол жақтан келген соң Қа­зақ­стан мен Ресей арасында құ­рыл­ған «Достық» деген кәсі­п­орын­ның президенті, «Ынты­мақ­тастық» консорциумының жетек­шісі болады. Айтуынша, негізгі үйі Мәскеуде. Қажы баба сүйегін тапқан соң небір «кере­меттері» оянып, іскерлігі мен ал­ғыр­лығы артып жүре берген Бал­текең бүгінде елді ертегіге бергісіз әңгі­мелерімен ұйытып жүр. Нұһ пайғамбардың мұрагері, «Қажы баба» халықаралық қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Рес­публикасының Президент­тігіне экс-үміткер, Халықаралық «Аль-Халел» ақпараттық агентті­гінің президенті, Халықаралық «Қажы баба» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның Ұлт­тық фермерлер қауымдасты­ғы­ның президенті, «Алаш» халық­тық партиясының төрағасы, М.Нострадамус атындағы Ха­лық­аралық Академияның акаде­мигі, Әлем емшісі атақтары бар.

Түйін:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни оқу-ағарту бөлімінің референті Рахымжан Әкімбековтің айтуынша, Балтабайдың ісі Құранға да, Сүннетке де қайшы. Шариғат бойынша негізі жоқ бос әңгіме. Нұһ пайғамбардың қай жерде жерленгендігі Құранда айтылмағандықтан, оны аят бойынша дәлелдеу ешқандай мүмкін емес. Мұның бәрі адамзат тарихына арсыздықпен араласып, бейіт басын бизнес көзіне айналдырған қазақтың төл сектасы. Өзі миы ашып жүрген халықтың одан сайын миын ашыту. Ұлттың берекесін қашыру. Ислам елдеріне елімізді күлкі қылу.
Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Төреғали ТӘШЕНОВ
Ақпарат көзі
Категориясы: Ел жаңалықтары | Көрілді: 194 | Ендірген: IslamCom_Kz | Рейтингі: 0.0/0 |
Кіру/тіркелу
Логины:
Кілт сөз:

Жарнама

Жаңалықтар күнтізбесі
«  Қаңтар 2009  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Іздеу

Жаңалықтар мұрағаты

Діни сайттар

Санақ

Сайт зияратшылары: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0


Бүгінгі зияратшылар:IslamCom_Kz, zhansaya_0691
Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: zhansaya_0691
Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 1187
Осы ай ішінде: 35
Осы апта ішінде: 16
Кеше: 2
Бүгін: 0

Әлі-Бекен мешітінің діни танымдық сайты © 2010