Қыран салу - сан ғасырлар бойы көшпенділердің қансонарда қан қыздыратын ұлттық өнердің ұстанымы болғаны белгілі. Спорттың осы түрі соңғы 10 жылда елімізде қайта жаңғырып, дәстүрлі дамып келеді. Қасиетті Қарқаралы жерінде өткен республикалық құсбегілер сайысына қатысушылар қатары осыны аңғартады. Бесінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додада алты облыстан жиналған 30-дан астам бүркітші бағын сынады. Көк байрағымызда өрнектелген байтақ елдің еркін құсын бабаларымыз олжа алатын қолғабысқа айналдыра білген. Сол ұлттық мұрамызды жанына серік еткен Мақпал Әбдіразақова жастайынан әкесімен бірге сайын далада саят құрып, дүбірлі додаларда қанжығасын майлап жүр. Осы жолғы қансонарға да ол тыңғылықты дайындалып келіпті. Мақпал Әбдіразақова, бүркітші: -Қыста аңға шығамын, жазда түлекте отырады. Бүркітімді жақсы дайындап әкелдім, аңға саламын. Бүркіт бабында. Ал Қайыржан Дүйсеков өткен жылы Ұлыбританияда өткен халықаралық бүркітшілер фестивалінде Қазақстанның абыройын асқақтатып қайтқан еді. 33 мемлекеттің өкілі қатысқан байрақты бәсекеде топ жарған құсбегі осы жолы да бағын сынап көрмек. Қайыржан Дүйсеков, бүркітші: -Үш жыл болды айналысқаныма, қазір шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Ақсақалдардан үйренетін дүниелер әлі де көп. Болдым-толдым деп отырғам жоқ. Қазақстандағы бүркітшілер етене араласып тұрамыз. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған бүркітшілер жарысына Алматы, Астана, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды және Қарқаралы өңірінен 30-дан астам құсбегі қатысты. Қазылар алқасы тек бүркіттің бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-саймандарына да баға берді. Жарыста алпысты алқымдаған ақсақал мен 10 жасар балаға да бірдей талап қойылды. Құсбегілер қалтарысқа жасырынып, қырандарын дыбыстап шақырды. Көкке самғатып, қолға қондыру өнерін көрсетті. Сонымен қатар, бүркіттерін аңға салмас бұрын шырғыға түсірді. Ерден Халилин, Қарағанды облыстық спорт және туризм департаментінің бастығы: -Спорттың осы түрі Қазақстанда, оның ішінде Қарағандыда жақсы дамып келеді. Әсіресе, Қарқаралы мен Шет аудандарында жақсы жолға қойылған. Жас спортшылар өсіп келе жатыр. Тартысты өткен жарыс нәтижесінде Баянауыл өңірінен келген 10 жасар Ермек Иманзайып бас жүлдені олжалады. Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтарға ие болды. Ақпарат көзі