Облыс полицейлері арнаулы ресми орындарда тіркеліп, күніне ондаған адамға ем беріп, кеңес айтып, жұртшылыққа танымал болған халық емшісін ұстады. Себеп, күндіз ауруына дауа іздеп келушілерге ем жүргізген епті емші, түнде жеңіл жүрісті жандармен бірлесіп, жас қыздарды қалталы азаматгарға «ұсынып» келген. Атырау ОІІД-нің баспасөз қызметінің бастығы Г.Мұхтарованың айтуынша, ОІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күндіз ауруы жанына батқан жұртты емдеп, түнде (сутенер) жеңгетайлық жұмыспен айналысып, қалталы азаматтарға жас қыздарды «ұсынған» 55 жастағы емші азаматты ұстаған. Қазіргі таңда оның жеңіл жүрісті жас қыздарды саудалаумен айналысқанына куә бола алатын өзбек елінің үш азаматшаларынан жауаптар алынуда. Алдын ала тергеу кезінде анықталғаны «халық емшісінің» емдеу ісімен, яғни биоэнергетерапевт, сынықшы әрі көріпкелдікпен айналысуына рұқсат ететін арнайы куәлігі бар. Бұдан өзге ол облыстық газеттерде өзінің қандай ауруларды емдейтінін және заңды мекенжайы көрсетілген хабарландырулар беріп келген. Бір сөзбен айтқанда, халық емшісі есебінде ресми қызмет ететінін көрсететін толықтай мәліметтері бар «екі жеп, биге шығып» жүрген «халық емшісінен» қазіргі күні полицейлер облыстан тысқары жерлерге кетпеуге қолхат алып, оған қатысты жинақталғаи материалдар зерттеуге және қылмыстық іс қозғау үшін тергеу анықтама басқармасы органдарына жіберілген. сілтеме