Ең соңғы және ең тамаша дін болып табылатын Исламның мақсаты - адамдардың бақыты. Бұл бақыт бір жақты ғана емес. Ислам діні адамдарға бұл дүниеде және ақірет өмірде бақытты болудың жолдарын көрсетеді. Дүние мен ақірет бақыты еңбектену арқылы болады. Сондықтан, мұсылман екі дүние үшін де еңбектенуі керек. Дүние үшін еңбектеніп, ақша табу да -дініміздің әмірі. Ұлы Аллаһ Тағала Құр'ан Кәримде: "Шын мәнінде адам үшін еңбек еткеннен басқа ештеңе жоқ" (Нәжім сүр. 39-аят) дей отырып еңбектенудің маңызын білдірген. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да: "Адамның жеген ең қайырлы тамағы - өз қолының күшімен, маңдай терімен тапқан тамағы. Аллаһтың пайғамбары Дәуіт (алейһиссәләм) те өз еңбегімен күн көретін" деген. Дініміз еңбекке үлкен маңыз беріп, адал ақша табу үшін еңбектенуді ғибадат ретінде бағалаған.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) отырған жерінен күшті, қажырлы, қайратты бір адамның өтіп бара жатқанын көреді. Мұны көрген асхаб: "-Әй, Аллаһтың елшісі, Әттең! Бұл адам Аллаһ жолында еңбектенсе"-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп жауап береді: "-Егер бұл адам үйінен кішкентай балаларына нан табу үшін шыққан болса, онда Аллаһ жолында. Қарт ата-анасының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шықса да Аллаһ жолында. Өз нанын табу үшін шыққан болса да Аллаһ жолында. Ал егер тек сырт көзге көрсету үшін ғана шыққан болса, онда шайтан жолында. " («Әт-тәрғиб уәт-Тәрһиб», II-том, 524-бет.) Исламның бес шартының екеуі болған "Зекет" пен "Қажылық" бай-дәулетті мұсылмандардың орындауы керек ғибадаттар. Ал байлыққа тек еңбектену арқылы қол жеткізуге болады. Еңбектенген адам - қайырлы адам. Өйткені адам еңбектену арқылы әрі өзіне, әрі отбасына, әрі халқына да пайдалы болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с); "Адамдардың ең қайырлысы адамдарға пайдалы болғаны" деп айтқан. Әрбір мұсылман ешқашан өлмейтіндей дүние үшін еңбектеніп, ертең өлетіндей ақірет үшін еңбектенуі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) еңбектенуге үнемі ақыл-кеңес беріп отырған: "Екі күні бір-біріне тең болған адам алданған адам" («Кәшфул-Хафа», II-том, 233-бет.) - дей отырып, мұсылмандардың әр күнінің алға қарай жылжуын қалаған. Мәдиналық мұсылмандардың бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, жәрдем сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: -Үйіңде ештеңе жоқ па?-деп сұрайды. Ол: -Бір жағын үстімізге жамылып, бір жағын астымызға қойып жүрген көрпе мен су ішіп жүрген бір ыдыс қана бар, - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: -Барып, соларды маған алып кел,-дейді. Ол әкеп береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): -Бұларды кім сатып алады?,-дейді. Мұсылмандардың бірі: -Әй, Аллаһтың елшісі, мен оларды бір теңгеге сатып аламын,-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): -Көп беретін адам бар ма?-деп сұрайды. Басқа біреу: -Мен екі теңге беремін-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұларды ол адамға береді. Содан кейін өзіне келген адамға бұрылып: -Бұл теңгенің біреуіне отбасың жейтін нәрсе ал, ал екіншісіне балта алып, маған кел,-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балта алып келген адамға өз қолымен балтасын саптап беріп: -Қане, енді, барып таудан отын кесіп әкеліп сат. Он бес күндей сені бұл жерден көрмейтін болайын.-дейді. Адам он бес күннен кейін келеді. Он бір теңге тауып, жартылай тамақ, жартылай киім алған екен. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): -Осылай еңбектенгенің қайыршылық жасаудан жақсырақ. Өйткені қайыршы болу ақірет күнінде жүзіңе қара дақ болып жағылады, - дейді. («Әт-тәрғиб уәт-Тәрһиб», II-том, 523-бет.) Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына тамаша сөздері арқылы бізге дүние мен ақіретте бақытты болудың жолдарын көрсеткен:
"Сендердің іштеріңдегі ең қайырлы адам - бұл дүние үшін ақіретті ұмытпай, ақирет үшін, бұл дүниені ұмытпай, екі дүние үшін де еңбектенетін және адамдарға ауыртпалығын артпайтын адам." («Мухтару-л-Әхадис»)
Олай болса мұсылман әрі дүние, әрі ақирет үшін еңбектеніп, әр күні алға ілгерілеп отыруы қажет. Дініміздің әмірі де осы.
Сейфеддин Языжы Ислам дінінде АҚАЙД (Сенім) кітабынан