Әлемде қай елдерде тұрған жақсыдан гөрі, «қай елдің тұрғындары қарттық кезеңін жайлы да жақсы өткізеді?» деген сұрақ жұртты көбірек қызықтыратыны анық. Осы орайда «Forbes» журналының деректеріне жүгінелік: Австралия, Еуропа, Канада және Панамада тұратын кемпір-шалдардың тіршілігі түзу көрінеді. Оларды алаңдататын мәселелер жоқтың қасы. Кісі баласына қайртайғанда керегі де осы ғой. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, осы елдерге серуендеп барған қариялардың қауіпсіздігі мен тыныштығына, дәрігерлік көмекке жүгінуіне барлық мүмкіндік жасалған. Ал ақ халаттылар тарапынан қонақтар түгілі, жергілікті тұрғындарға көрсетілер көмек өз алдына бөлек әңгіме. Айталық, Ирландияда табыс салығы 43% құраса, ал 65 жастан кейін зейнетке шыққанда зейнетақы қорындағы жеке қаражаты 59 мың доллардан аспаса, ешқандай салық төлемейді. Дамыған елдерде кәрілікке қадам басқан сайын маңдайыңнан сипай қоятын адам табылмағанымен, соңғы демі біткенше оларға дәрігерлік көмек көрсету еш саябырсымайды. Жүрегі соғып тұрған адамды о дүниеге оңайлықпен жібере салмау - ол жақта абыройлы іс. Сол үшін де олар қосымша сыйақы алады, әріптестерінің арасында құрметке бөленеді. Ал біздің еліміздегі жағдай қалай? Былтыр тамыз айында Денсаулық сақтау министрінің интернет-блогын қараушылардың бірі бір адамға өлгендігі туралы куәлікте «кәрілік» диагнозының қойылғандығына шағымданған. Ол министрден «адамның өлгендігі туралы куәлікте көрсетілген «кәрілік» диагнозының Қазақстан заңдары рұқсат ететін норма болып табылады ма?» деп, соны түсіндіруді сұраған. Министр Жақсылық Досқалиев өз жауабында жасы әбден жеткілікті болса да, ондай диагноздың қойылмайтындығын атап өтіп, осындай диагноз қойған дәрігерлердің аты-жөндерін көрсетуді сұраған. «Жасы әбден жеткен болса да, адам өлімінің себебі ретінде «кәрілік» диагнозы қойылмайды», - деген министрлік басшысы. Ал шын мәнінде қалай, өмірден көргеніміз бен түйгеніміз не? - Елдегі жағдай елеңдетерлік, - дейді зиялы бір кісі. - Қариялар төсекке таңылған күні ем-дом жасайды де, денсаулығы одан әрі нашарласа, артын күтіңіздер дейді. Ең жаманы - кісінің көз алдыңда дәрменсіз күй кешіп жатып дүниеден өткені. Оның қанша уақыт жатарын бір Алла біледі. Бірақ денені қара жерге бергенше қажып бітетін отбасы дәрігерлерден бір қайырым күтеді. Дәрігерлер де дәрменсіз. Иә, оларды да түсінуге болар. Бірақ кейде ақ халатты абзал жандарымыз қарттарға «кәрілік» диагнозын ертерек қойып, дәрменсіз күйде дүниеден өтуіне себепші болады. Мұнда тек елге есімі белгілі кісілер ғана, соңғы демі біткенше дәрігерлік қызметті пайдаланады. Бәрінен құр қалатын ауылдағы азаматтар. Әлсіздік буынын алған қарттар жанары жасаурап, жақын-жұрағатымен амалсыз қоштаса бастайды. Меніңше, елді мекендерде де дәрігерлік көмек адамның демі біткенше көрсетілуі керек. Ондай болмаған жағдайда дәрігерлерді сотқа берген дұрыс... Енді осы төңіректе нақты мысалға жүгінелік. Алматылық азамат - бүкіл ғұмырын білім беру ісіне арнаған қария Әбжан Құтпанбаев өз басынан өткерген оқиғаны былайша баяндады: - Мен ұзақ жылдар бойы ауырған адаммын. 1996 жылы емделу үшін Алматыға көшіп келдім. Содан бері дәрігерлердің есебінде тұрамын. Қан қысымым жоғары, жүрегім ауырады. Кардиологиялық институт пен кардиология орталығында емделіп келемін. Соңғы бір жылда денсаулығым тіпті нашарлап, өкпем ауыратын болды. Дәрігерлер тағы да емханаға жатқызып, өкпе тұсымда жиі су жиналатынын анықтады. Былтыр сегіз айда ауруханада 11 литр су алды. Бірақ себеп-салдарын таба алмады. Дерттің азабынан 20 келi салмақ жоғалттым. Жүруден, қозғалудан қалуға айналдым. Дәрігерлер маған диагноз қоя алмай, ауруханадан шығарды. «Жасыңыз келген кісісіз, су қайтадан жинала беруі мүмкін, келіп сорғызып тұрасыз. Басқа қолданар шарамыз жоқ» - деп, мені үйге жіберді. Бәрінен де қызығы мынау болды: Қатты ауырып жатқанымда, бір белгілі профессор тәжірибеден өтіп жүрген студенттерді менің жаныма ертіп келіп, «міне, мына кісі сегіз айға жуық ауырды. Алайда дерттің емі табылмады» деп қарап тұр. Ол кісіге мені сынақ алаңына айналдырғаны үшін «біздің дәрігерлер дертті анықтауға шамасы жетпесе, қалай болғаны?» деп қатты ренжідім. Ауруханадан шығарда Қытайда ұзақ жыл дәрігер болып істеген азаматқа жолығып қалдым. Ол мені Құлжаға барып емделуге кеңес берді. Ақыры жол тауып, Құлжадағы жан-жақты ауруларды қарайтын емханада бір айға жуық уақыт ем қабылдадым. Қазақстандық әріптестерінің диагнозды дұрыс қоймағанын бір тәулікте анықтап, енді қандай ем қолданатындықтарын айтты. Нәтижесінде, 20 күннен соң өкпемді электрокардиограммаға түсіріп, су жиналатын жердің жоғалып кеткендігін көрсетті. Таңғалдым. Сөйтсем, біздің дәрігерлер емді таба алмай, басқа дәріні құйып-құйып, жүректің қан айналымы бұзылып, ақырында сары су жинала беретін болған. Қытайлық дәрігерлерге қатты табындым. Міне, білім, тәжірибе, емдеу деген солай болуы керек. Медициналық ғылымның жетілгені осыдан көрінеді. Мені емдеген алматылық дәрігерлерге деген ренішім өте көп. Себебі мен өлім аузынан қалдым. Ал қытайлық дәрігерлердің тәртібі мүлде басқаша. Олар ауруханада қарттарға қалай болса солай қарамайды. Қойылған диагнозға байланысты ас әзірленеді. Жүгіріп жүрген дәрігерлер алдыңда иіледі де тұрады. Қажет кезінде төсегіңнің басындағы түймені басып қалсаң, мейірбике жетіп келеді. Олардың жалақысы науқасқа қойылған диагноздың қаншалықты нәтижелілігі мен ауырған кісінің жазылып кетуіне тікелей байланысты екен. Бізде мейірбикелер тамырыңды таба алмай, денеңді көкала етеді. Оларда егуді дұрыс жасамасаң, қызметпен қоштасасың. Біздің ауруханаларда осындай жағдай жасалған ба? Салыстырып көріңізші... Менің ойымша, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевты дәрігерлер мәдениеті мен қызметі қатты толғандыруы тиіс. Ол кісі дәрігерлерге азаматтар сый-сияпат жасап жатса, соны заңдастыру керектігін де мәселе етіп көтергені есімізде. Егер науқасты дұрыс емдеп, жазылып кетуіне себепші болса, азаматтар сый-сияпатты онсыз да жасайды ғой. Ал науқастың жағдайы одан бетер нашарласа ше? Мұндайды мен өз басымнан өткергендіктен, дәрігерлер арасында жауапсыздықты жоюды ұсынар едім. Біздегі медицина ғылымы қазір-гі қалыппен өмірі оңбайды. Оңбайтыны -дәрігерлікке қабілеті бар жастарды оқуға тартып, оларды тегін оқыта алмай отырмыз. Осы салада тамыр-таныстыққа балта шабуымыз керек. Дәрігерлердің бақылауынсыз қайтыс болған кісіні де өз көзіммен көрдім, - дейді еңбек ардагері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Әбжан ағамыз. Рас, дәрігерлердің атына көп сын айтылады. Бірақ одан қорытынды шығару жағы нашар болып тұр. Таяуда бір әріптесіміз пышаққа түсті. Тегін жасалуға тиісті операцияға 500 доллардай қаражат төлеуге мәжбүр болған. Өйткені ақ халатты абзал жандар ақша төлемесең, басыңа қара бұлтты үйіріп қояды. Мұны қалай түсінуге болады? - Пайғамбарымыздың хадисінде барлық аурулардың емі барлығы айтылады. «Тек қана қарттықтың емі жоқ» делінген. Бұл - қария адамды қайта жасарта алмайсың деген сөз ғой, - дейді біздің әңгімемізге араласқан Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбекұлы. - Негізінде барлық дерттің емі бар, соны жазу жолдарын іздеген дұрыс. Қызылшақа ана құрсағында жатқанда-ақ, оның тағдыры жазылып қойылады. Бұл да адамды емдеуге болмайды деген сөз емес. Осы тұрғыдан алғанда, дәрігерлер теріс көзқарастан арылу керек. Ол науқастың алдында өзінің барлық қарым-қабілетін, Гиппократқа берген антын орындауы тиіс, адал болуы керек. Адамды сынаққа айналдыруға тіпті болмайды. Болашақ дәрігерлерді ауруханаға жібергенде, оларды науқастарға шын дәрігер ретінде қарауға, қызмет көрсету мәдениетіне үйреткен жөн. Сойылатын малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды екен. Оның жанында адамның орны бөлек қой. Тағдырды тәлкекке салуға болмайды. Біз кез келген адамға, ауруға жанашырлықпен, мейіріммен қарауды үйренуіміз керек. «Қартайды, ем қонбайды» деген диагноз еш уақытта болмауы тиіс. Дәрігерлердің жылы сөзінің өзі ауруға күш-қуат береді. Сондықтан да жүз жасаған кісінің соңғы минуттарына куә болып тұрған күннің өзінде де, оған жаман сөз айтуға болмайды. Өмір - өткінші жаңбыр секілді. Кімнің қанша өмір сүретіні бір Алланың қолында. Солай десек те, адам өміріне арашашы дәрігерлердің де Алла алдында жауапты екендігін ұмытпағаны дұрыс. Қартқа да қарайласу - ең үлкен сауап. http://www.aikyn.kz/