Негізгі бет » 2010 » Ақпан » 8 » Мәскеудегі орта мектеп пен көшеге Бауыржан Момышұлының есімі беріледі
Мәскеудегі орта мектеп пен көшеге Бауыржан Момышұлының есімі беріледі
13:03
Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі орта мектеп пен ірі көшенің біріне- Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар ұлы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының есімі берілетін болды. Мұндай ұсынысты Мәскеу үкіметіне Отан соғысы ардагерлерінің Халықаралық Одағы жасап отыр. Бұл қуанышты жаңалық «Аты аңызға айналған Батыр» атты Бауыржан Момышұлы туралы кітаптың тұсау кесер рәсімі кезінде айтылды. Мәскеудегі салтанатты кештен Думан Мұхаметкәрім. Аты аңызға айналған батыр – Бауыржан Момышұлы жайлы жаңа кітап Мәскеудегі «Леном» баспа үйінен жарыққа шықты. Қалың жинаққа Батырдың күнделігіндегі естеліктер мен Мәскеу мұрағатында сақталған деректер кірген. Кітап – Серікқали Бәйменше, Мекемтас Мырзахметұлы және Баукеңнің ұлы – Бақытжан Момышұлы сияқты бірқатар жазушылардың еңбегі. Төрт бөлімнен тұратын қалың жинақтың шығуына мәскеулік кәсіпкер Жәнібек Елекбаев қаржылай қолдау көрсетті. Елена Коркина , Бауыржан Момышұлының қызы Әкем Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында жарыққа шыққан кітаптың тұсау кесері Мәскеуде өткені өте дұрыс болды. Өйткені, Мәскеу – Бауыржан Момышұлы кеудесімен қорғап қалған қала. Әкем аман алып қалған қалада осы күнде мен де тұрып жатырмын. Осы жинақтың баспадан шығуына көмек көрсеткен азаматтар мен Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігіне алғысым шексіз. Жаңа кітаптың тұсау кесеріне Мәскеуде тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты. Жинақтың тұсау кесеріне сондай- ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттары да шақырылды. Алексей Абрамов, Отан соғысының ардагері Тарихқа Клочковтың «Ресей ұлан- ғайыр, артымызда Мәскеу, шегінерге жер жоқ» деген сөзі кірген. Осындай ұлы сөзді Бауыржан Момышұлы айтқан. Ол, алдында жатқан картаны өртеп жіберіп, «Бізге карта керек емес, не жаудың бетін қайтарамыз, не осы жерде өлеміз» деген. Бұл, Ұлы жауынгердің қасиетті сөзі... Шерхан Мұртаза, Халық жазушысы Біздің Батырымызды Москва осылай құрметтеп жатса, осы жерде осындай кітап шығарып жатса оған қуанбасқа не шара. Бірақ, Баукең Бұл Москва үшін керек болса жанын қимақшы болған адам. Неміс-Фашист басқыншылары Мәскеуге 120 шақырым жерге жақындағанда Бауыржан Момышұлының батальоны жауды Волокаламск шоссесінде күтіп алған. Баукеңнің сол кездегі ерлігін мәскеуліктер әлі күнге ұмытқан жоқ. Ресейдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Халықаралық Одағы Мәскеудегі мектеп пен ірі көшелердің біріне Бауыржан Момышұлыныњ есімін беру керек деген бастама көтерді. Алексей Абрамов, Отан соғысының ардагері Менің білуімше Мәскеу үкіметі бұл мәселені қарастырды. Олар, енді мұражай ашуға болатын ірі мектепті табу үшін Қазақстан Елшілігі көмектессін деп өтініп отыр. Сосын Баукеңнің атымен ірі көшелердің бірін де атау керек. Менің ойымша ол көше Бауыржан Момышұлы соғыста жүрген Мәскеудің Батыс аумағында болуы керек. Оралбек Ботбай, меценат Баукеңнің атына мектеп беріліп жатыр екен қуаныш үстіне қуаныш болып. Сол мектепке көмек қылу үшін елдегі кәсіпкерлерді жұмылдыру мәселесін қозғап жатырмыз. Бақытбек Смағұл, Ауған соғысының ардагері, жазушы Батыр Баукеңнің ерлігі шөлеркеген ұрпаққа сусындай қажет. Қай жерде болмасын батырдың даңқын мінекей асқақтатып, Волокаламскіде Панфилов пен тізе қосып қорғағанын отандастар еш қашан жадынан шығарған емес. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерей тойы және Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, Мәскеудегі бір мектеп пен бір көшеге Батырдың аты берілетіні, той үстіне той, нұр үстіне нұр болары анық. http://kaztrk.kz/