Негізгі бет » 2010 » Ақпан » 22 » Отандық интернет тұтынушыларды kz доменіне жаппай көшіруге не кедергі?
Отандық интернет тұтынушыларды kz доменіне жаппай көшіруге не кедергі?
10:16
Дәурен ҚУАТ, «abai.kz» сайтының бас редакторы: – Қазір «сom» «ru» доменінде жұмыс жасаушы отандастарымыз сол арқылы тәуелсіз боламыз деп ойлайды. Олар домен сатып алғанмен, ертеңгі күні қандай да бір проблема шықса, кімге шағымданарын да білмей қалады. Себебі «сom-ның» қожайыны америкалықтар доменді сатқаннан кейін тұтынушыға басқа еш жағынан жауап бермейді, жауып тастай да алады. Сол кезде тұтынушы «неге менің сайтымды жауып тастадың?» деп жауап талап ете де алмайды. Сондықтан «kz»-ке көшу керек. Төл доменіміздің басты артықшылығы осында. Қазір «hat» деген де домен шығып жатыр. Мен өзім соған қуанып жатырмын, неге? Біріншіден, бәсекелестік пайда болады да, сапа артады, екіншіден, интернет кеңістігіміз кеңейеді. Интернет – әлемге ашылған есік, кейде байқамай құпия кетіп қалуы да мүмкін. Ал «hat» өзіміздің тікелей бақылауымызда болады. Біз болашақта осы доменмен жұмыс істеуге бейілдіміз. Және де банк жүйесі осы доменге көшеді ғой деп ойлаймын Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, «Хабар» арнасының продюсері: – Менің түсінігімде отандық интернет, шетелдік интернет деген ұғым жоқ. Мен үшін қандай доменде жұмыс істесек те өзімізге қажет ақпаратты ала алсақ болды. Сондықтан енді интернетті «kz»-ке кіргізіп қою деген шектеу сияқты. Ал интернет ол – қазақша ғаламтор деп алдық қой, сол ғаламдық дәрежеде ауқымы кең, шекарасыз дүние. Қаржылық жағынан алғанда зияны мен пайдасын білмеймін, тіпті соны есептеудің де қажеті бар ма? Бүгін келіп барлығын «kz»-ке тығып тастасақ, ертең тағы сондай шектеулердің пайда болмайтынына кім кепіл? Мәселен, таяуда халықаралық бір басқосуға барғанымда, Түрікменстаннан келген әріптестеріміз елдерінде, тіпті жеке электронды пошта ашуға да рұқсат етпейтіндігін айтты. Бұл деген ХХІ ғасырда тіпті ұят нәрсе ғой?! Қазіргі кезде бізде де біртіндеп шектеудің шеті де шыға бастады, бірақ олай ете берудің соңы жақсы емес сияқты. Интернет қазір, шыны керек, ақпарат берудің лездігі жағынан радиодан озып кетті ғой. Бірақ қазақтілді сайттар бұл жағынан мәз емес. Орысшадан аударып бере ме, қазақша ақпарат кеш түседі, содан соң, ақпаратты жаңартып тұру жағынан да «ru»-ға жете алмайды. Шабандық танытамыз, шынын айтқанда. Әрине доменді қазақшалау керек шығар, бірақ жылдам ақпарат одан да қажеттірек. Досан БАЙМОЛДА, журналист: – Интернет – Қазақстан үшін жаңа дүние. Егерде «kz» домені тұтынушыларға сондай жақсы мүмкіндіктерді туғызып, өзінің сондай даяшылық қызметтерін ұсынса, одан ешкім бас тартпайды. Ал басқа мемлекеттердің домендерін тұтынып жүруіміз олардың ертерек қимыл жасап, даяшылық қызметін жақсы жасауынан. Сол үшін біз әзірге оларға мәжбүрміз. Мұны ақырындап жолға қоюға болады. Әлі де болса, біз Ресейдің ықпалынан шыға алмай отырғандығымыз, солардың доменін пайдаланып отырғандығымыздан, алысқа бармай-ақ, электронды поштамыздың солардың «mail.ru»-ында екендігінен көрінеді. Ал осылай жүре беру ендігіде ұят секілді. Төл доменімізді дамытатын кез келді. Телебайланыс саласын басқарушы азаматтар осыған көп көңіл бөлуі керек. Олар өздерінің даяшылық қызметін ұсынса, ешкім де бас тартпайды. Қазақ қай салада болмасын, өз өніміне мойын бұруы керек. Ал ол үшін ой-санамызда өзгерістер тууы шарт. Бір сөзбен айтқанда, бәріне де кедергі – өзіміздің психологиямыз.http://www.alashainasy.kz/
Әзірлеген Мәриям ӘБСАТТАР
Категориясы: Ел жаңалықтары |
Көрілді: 114 |
Ендірген: abdul
| Рейтингі: 0.0/0 |