Негізгі бет » 2010 » Наурыз » 4 » Отбасындағы ойран немесе шаңырақтың шайқалуына не себеп?
Отбасындағы ойран немесе шаңырақтың шайқалуына не себеп?
21:51
Ерлі-зайыптылардың арасында күнделікті кездесіп қалатын ұрыс-керіс әлем бойынша жиілеп барады. Бұған өмірде дәлел көп. Кейбіреулер «тұрмыс-тіршіліктен қиындық көрген отбасылар ғана ажырасатын шығар» деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ ажырасудың әлегі дәулеті бүкіл ұрпағына жететін байлардың да басын қатырып жатыр. Дүниенің төрт бұрышында өмірдің рақатынан басқа түк көрмеген қалталылар да қайғыдан қан жұтып жүр. Олардың бірі байлыққа таласса, енді бірі шаңырақтағы шатаққа шыдай алмай өз еркімен дүниеден өтуде. Сондықтан да болар, әлемдік құбылысқа айналған дау-дамайдың, жат көріністердің көбеюіне заң да, дін де қарсы. Соған қарамастан, «көзқарастар үйлеспеушілігі мен отбасынан шығатын ойрандарға ең алдымен кім кінәлі?» деген сауал көкейде маздайды. Нарықтық экономика ма, әлде дағдарыс па? Осы сұраққа жауап іздеген Ресейдегі Экология және эволюция институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Виген Геодакян қоғамдағы құбылыстардың отбастарына өзгерістер әкелетіндігін, оның жақсы да, жаман да жақтары болатындығын айтады. Оның айтуынша, дағдарыс жылдары ұл балалар дүниеге көбірек келіпті. Бұл - ресейлік ғалымдардың тұжырымы. Мұның түп-төркінін ғалымдар нақты айтып бере алмаса да, орыстардың өміріндегі биологиялық өзгерістерге қуанып жатқандар көп. Осылайша жігіттердің көбеюі келешекте барлық жағынан мемлекет үшін тиімді көрінеді. Әйелдер сан жағынан аз болса, соғұрлым олардың да қадірі арта түспек. - Дағдарыс - бұл адам үшін стресс, қиын жағдай, - дейді Виген Артаваздоұлы. - Бұған бейімделетін бірінші әйел. Ол ең алдымен отбасына қанша бала керектігін ойластырады. Ал еркек басына күн туғанда жаңа жағдайлар ойластырады. Олар өмір сүрудің жолдарын табады немесе қасірет қоршауында қалады. Осылайша еркектер езілгеннен өз отбасынан өзі безінетін жағдайлар ұшырасады. Ерлерді жамандап, әйелдер туралы әдемі әңгіме де айта беруге болмайды. Өйткені жұмыссыз қалған жігіттің жігерсіздігіне наразы болған әйел көбінесе жеке тұрғанды жөн көреді де, ажырасудың амалдарын іздейді. Ал қиындықты бірге көтеруге дайын отбасылар қатары жыл сайын сиреп барады. Қазаққа да қатысы бар әңгімелер тілге тиек болғанда, ұлтымыздың денсаулығы және демографиялық өсуі қауіп алдында тұрғанын ашық айтқанымыз орынды болар. Бұл пікірді өткен жылы күзде «Ер адамдардың денсаулығы» атты акцияның нәтижесін қорытындылау кешінде ғалымдар айтқан. Қазақстанда тіркелген 24 000 ауыратын ер адамдардың 56 пайызы әртүрлі формадағы эректілі дисфункцияларымен ауырады. Демек, мұның өзі елімізде бала санын көбейтуге кедергі деп ұғынған жөн. Ал бала болмаған отбасында «ырың-жырың» өзінен-өзі туындайды. Акция барысында 15-пен 84 жас аралығындағы 717 ер адам тексеруден өткен. Оның 67 пайызы әртүрлі патологиялық ауруларға шалдыққаны анықталған. - Біз өзімізді күшті топқа жатқызсақ та, соңғы жылдары жеке басымыздың мәселесіне баса назар аудармасақ болмайтындығы байқалып келеді. Сондықтан барлық жағдай кешенді түрде шешуді қажет етеді, - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор М.Зельцер. Ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық түгілі, жыныстық қатынас та дұрыс болмаса, ол үйден береке кетеді. Осы туралы ой толғаған психолог Майра Еншібаева былай дейдi: - Бұрындары төсек мәселесін сөз ету ұят көрінетін. Өкінішке қарай, қазір бұл мәселе күн өткен сайын өзекті болып барады. Ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынастың жиілеуі, табыстың молаюы адамдар өміріне өзгеріс енгізді. Ал ар-иманның азаюы - азғындыққа жол ашты. Ол бірінші кезекте отбастарына әсер етуде. Айталық, жасы қырыққа таяған келіншектердің арасында да Құдай қосқан қосақтарын менсінбей, қалталы адам іздеп жүргендері ұшырасады. Мұның өзінен адамдардың да өмірге атүсті қарай бастағандықтарын байқауға болады. Айталық, бұрын аталарымыз ұлын 15-інде отау етіп, жеке өмірге дағдыландыратын. Қыздың жөні тіпті бөлек. Осы үрдіс қазір бізге жат бола бастады. Қырыққа келсе де қыздай, елуге келсе де жігіттей көрінгісі келіп жүретіндердің қатары көбейді. Олардың ұсақ-түйек әңгімелерінің өзінен сананың жетілгенінен бұрын жеңілтек ойдың жан дүниені жеңіп бара жатқандығын байқаймыз. Мысалы, қазір компьютермен хат алысу оңай нәрсеге айналды. Бірақ сол хаттарды оқитын болсаңыз, кісінің күлкісі келетін әңгімелер айтылады. Бәлкім, мұның арғы жағында әзіл-қалжың да жатқан шығар. Қалай десек те, қазіргі ұрпақ бұрынғы аға-апаларымыз секілді әр нәрсеге терең мән беріп, от басын, ошақ қасын көбірек күйттеуді қоя бастаған сыңайлы. Бұл - жақсылықтың нышаны емес. Иә, «қазақ өз тарихында не көрмеді?» деп, әзіл-қалжыңы аралас әңгіме айтсақ та, ұлтымыз нарық экономикасы басталғалы бері ұлттық рухын біршама төмендетіп алған сыңайлы. Осы қателікті жөндеудің жолы, тәсілі бар ма? Бар. Психолог Майра Еншібаеваның айтуынша, ең алдымен отбасын дұрыстау керек. Отбасы жақсы болса, қоғам да солай қарай өзгереді. Ендеше, отау құрып жатқан жастардың қуанышына ортақтасу өз алдына, олардың жарасымды жұпқа айналуына қамқор болуымыз керек. Алайда осындай жарасымдылықты қалыптастырып үлгерген жас отаулардың арасына жік түсуіне, олардың біреуі болмаса, екіншісі себепші болатын кездері де баршылық. - Мәселен, еркек жігітшілігін тоқтатпаса, әйел адамдар арасында да қылжақтан құралақан еместері кездесіп қалады. Ерлермен сөз қағыстырып, әр нәрсені емеурінмен байқатып, отбасынан бұрын бос әңгімені ұнататын ондайлардың тірлігі - кешірілмес күнә. «Әркім өз сүйгенінің құлы» десек те, тұрмыс құрған соң ерлі-зайыптылар бар күш-жігерін өздерінің бала-шағаларының жақсы өмір сүруіне, отбасы тыныштығына арнауы тиіс, - дейді психологтар. Түйін: Мамандардың пікіріне қарағанда, елімізде еркектерден әйелдердің аздығы (48,1%) бұрынғы деңгейде қалып келеді. Яғни 1000 жігітке 1076-1079 арудан келеді. Арулардың ерлермен салыстырғанда көптігі де былық-шылықтың пайда болуына түрткі болады. Көп ару көздегеніне жету үшін айла-шарғы қолданатындығы, бөгде отбасылардың шырқын бұзатын кездері де болатындығын айтады мамандар. Қалай десек те, барлығы әр адамның ішкі түйсігіне келіп тіреледі. Санада сәуле, жүректе тазалық болғанда, ой, ар-ұят алдыңғы орында тұрғанда ғана адами қасиеттер жойылмайды. Жан тазалығы мен тән тазалығы ғана қазақ шаңырағының шайқалмауына дәнекер бола алмайды.