«Бала өмірдің базары» деген дана халқымыз. Жер бетіндегі жұмыр басты әр пенденің ер жеткеннен кейінгі арманы жанұя құрып, ұрпақ тәрбиелеу, ісінде алға озу, ілгерілеу, даму десем артық айтқандық болмас. Әлбетте, адам бар жерде қоғам бар, қоғам бар жерде түрлі проблема, қуаныш пен қайғы да бар. Соның ішінде түрлі себептерге байланысты әкесінен я болмаса анасынан айырылып, немесе ол екеуінен тірідей не өлідей айырылып, жетім болып қалған балалардың мәселесі де күн тәртібінің жоғары жағында тұр. Менің ойымша кішкентай жетім сәбилердің өмірлеріне қатысты мәселелер жөнінде шешім қабылдауға ешкімнің де құқығы болмауы керек. Олар кәмелеттік жасқа дейін мемлекеттің, қала берсе өзіміздің қоғамдық ұйымдарымыз бен жанашыр азаматтардың қамқорлығында болуы керек. Кәмелеттік жасқа келіп, өзінің болашағы туралы шешім қабылдауға ақылы, білімі толыққанды жеткеннен соң өзі білсін. Біз соңғы 18 жылда 10 мыңға жуық жетімді шетелге жөнелттік. Олардың бәрі бірдей барған жерінде бақытты болып жатыр деу адасушылық. Мәселе, тек жеген-ішкенімен, кигенімен бітпейді ғой. Олар өзінің елінен, туыстарынан, мәдениетінен, ұлттық санасынан т.т. айырылуда. Бұған шешім қабылдауға тек сол балалардың өздері ғана құқықты. Басқаларға айта салу оңай, сол айтушылар неге өз балаларын шетелдіктерге тапсырмайды, бәрі дұрыс болса, бәрі керемет болса??? Қазір баспасөз беттерінде «жетімдеріміз шетелге кете берсін!» деп, байбалам салып жатқан «жанашырлар» көбейіп келеді. Олар біріншіден американың тұрмысы бізден жақсырақ деп, тек материалистік жағынан ғана көз салса, екінші жақтан «қазақтар жетімдерге дұрыс көзбен қарамайды!» деп, өзінің ұлтына күйе жағудан да қашпайды. Мүлде олай емес! Бұл олардың шатысқан санасындағы, шетелдіктерге еліктегіш әуейілігіңдегі мәселе. Біздің халқымыз тарихында ешқашан да жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық еді. Санасы шайқалып, өзінің қадір-қасиетінен айырылған соң, жетімдер көбейді, тастанды балалар сан-саққа бытырап кетті, өзін қорлау, өзгені мадақтау әдетке айналды. Жаңағы «жанашырлар» Америкадағы асыранды балаларымыздың бәрін көріп шыққандай сөйлейді. Айтуға оңай-ақ! Күйеуді шеттен іздеп, бақытты шеттен іздеп, әлі тілі шықпаған жетімді мұхит асырып жүргендерге араша түскен қыздарымызды көргенде біраз нәрсені ұққандай боласың, әйел затының ұлт мүддесіне қып-қызыл қайшы тіршілікке атсалысқаны, аналық сезімін жетімдерге берудің орнына сол жетімдерді шетелдіктерге беруге жанталасқаны түңілтеді. Біздің жетім балаларымыз америкалықтарға не үшін керек? Олар алдымен өз жетімдерін жарылқап алсын, өз еліндегі аш-жалаңаш жүрген балаларға жәрдем берсін. Ормандағы бір аңның өзін өзінің табиғи ортасынан ажыратуға қиянат деп қараймыз, ал қазақтың баласын мұхит асырып, сатып алушыларға қол соғамыз. Жеткен жеріміз осы болды.... Өздері ана бола тұрып, кейбір қазақ әйелдерінің, қыздарының «қазақтың баласын асыратуға қарсы емеспін» дегенін естігенде, бұдан асқан трагедия жоқ па деп қаламын. Құдды бір ойын сияқты оларға, «шетелдіктер ала берсін» деп, сылап-сыйпап шығаратын нәрсе емес бұл. Бұл ұлттық мәселе, бұл намыс, бұл мемлекеттің болашағы, етімізден ет кесіліп жатқанда оған телміре қарау, тіпті, етімізді кесушілерді қолпаштау... Тағы да ойланыңдар! Мұнайымыз бар, темір-терсегіміз бар деп мақтанамыз. Долларға баймыз, қымбат үйлерде тұрамыз, қымбат машина айдаймыз деп масаттанамыз. Ол рас болса қазақтың баласы өз елінде қалсын, сол махаббатты өз елінен, өзінің халқынан алсын. Неге мәселені осы жағынан қарап, тілі жоқ, қорғаны жоқ жетімдердің панасы болып сөйлемейсіңдер? "Жетімдеріміз шетелдіктерге сатылмасын!" деп айту сендерге соншалықты қиын ба?! Бізге дәл бүгінгі күні болашақ қазақ қыздарына үлгі боларлық қыздар, аналар керек. Ұлтына, отанына, дініне деген махаббаты зор және қайраткерлігі бар қыздар туралы айтып отырмын. Біздің қазаққа сондай қыздар керек, біздің қазақты сондай қыздар ғана алып шықпақ мына дағдарыстан, рухани тексіздену мен азғындықтан. Қазағым деп, жетім балаларым деп, жан айқайын салатын қарындастарымыз ғана жетімдеріміздің көз жасын төккізбейтін болады. Олардың жетім балалар мәселесінде ел жағында болғаны, - ол олардың түгелдей қазақты қолдағаны, түгелдей тәуелсіз мемлекетті, оның перзенттерін қолдағаны деп білемін. Еліміздегі жетім балалардың проблемасы жоқ деп айтып отырған ешкім жоқ. Рас, олардың жағдайы мәз емес, рас олардың проблемалары бар, рас қоғамда бұл мәселе оң шешімін тапқан емес. Бірақ, жетім балалардың проблемаларын оларды америкалықтарға сатумен шешкеніміз қалай?! Мемлекет тек ата-анасы барлардың, ауқаттылардың мемлекеті ғана емес қой, мемлекет ең әуелі қоғамның нәзік жандарының, көмекке мұқтаж азаматтарымыздың, жетім-жесірлердің, кембағалдардың, мүгедектердің, ардагерлердің, баспанасы жоқтардың, әсілі жәрдемге зәру азаматтардың қасында болуы керек. Алықтын жиналған салықтың бір бөлігі осындай мақсаттарға жұмсалады. Ондай мұқтаждық күндердің күні бәріміздің басымызға төнуі әбден мүмкін. Біздер ел болып, жұрт болып осы мәселемен шұғылданайық, жетімдер мәселесін, өзге де мәселелерді көтерейік, оларды шешуге ат салысайық. Америкалықтарға 10 мыңға жуық жетімдеріміз тапсырылды соңғы 18 жылда!!! Бұл балалардың тағдырына, олардың өміріне кім жауап бермек? Бұл ұрпағымыз ертеңгі күні біздерге "бізді бөгде елге аттандырғанда қайда қарап тұрдыңдар?" деп, сұраса не дейміз? Әлгі асырап алушылардың «жанашырлары» шетелдіктердің жақсы адамдары бар, олардың дініне, ұлтына қарамауымыз керек деп көлгірсиді. Өз балаңды басқа діннің, басқа ұлттың баласына бере аласың ба? Егер олар сенің балаңды жақсы киіндіреміз, тек «махаббат» береміз десе, сонда да бере аласың ба? Неге басқаның баласы туралы ат үсті пікір айтамыз осы? Менің түсінігімде барлық қазақ түгелдей біртұтас ағайындар қауымдастығы. Біз бәріміз туыспыз. Бірібіміз ата жағынан, біріміз нағашы жағынан, әйтеуір туыс болып шығамыз. Қазақ "Жетім көрсең, жебей көр!" деген халық. Ертеде жетім де болмаған, өйткені ол жетім баланы сол ауылдың, сол рудың адамдары асыраған, жақын туыстарының не ата-әжесінің қолында өскен, жетімшілік көрмеген, көргізбеген қазақ! Тіпті, ол ол ма, кешегі соғыс жылдары талай орыстың, кавказдың жетім баласын асырап алған осы өзіміздің қазақ емес пе еді? Енді сол қазаққа не болғаны, өз ұрпақтарын жат жұрттықтарға сатады. Барлық құндылықтарымыздың саудаға айналғаны сияқты бұл да сауданың бір саласына, пайданың бір көзіне айналғаны қай заман. Әттең, қандай зар заман болды бұл өзі. Осындай айқын шындықты, ащы шындықты, кұннің көзіндей үлкен ақиқатты көре алмай, кейбір санасы сандалған көзқамандар мен мәңгүрттердің, шарқ ұрып асыраушы миссионерлерді қолдап шыққандары, ол үшін сала құлаш мақала жазғандарың өте өкінішті-ақ! Ондайлар америкалық көкелерінің шіркеуіне де кірген болар кім білсін, оларды қорғаштауда алдына жан салмайды, қазақты қаралауда да солай. Америкалықтар соншалықты жетімдерге жанашыр болса, олар алдымен өздері жетім еткен Ирактағы 3 миллион сәбидің ақысын өтесін, олардың ойрандалған өмірінен біржолата шықсын, мұсылман ұрпақтарын жетім етуді тоқтатсын.... Мен қазақтың ешбір баласын, сауын да ауруын да, жетімін де қия алмаймын ешбір шетелдікке, жат жұрттыққа. Құдайға шүкір еліміздің жағдайы бар, әл-ауқатымыз жеткілікті, тек жігер жоқ, ынта жоқ, ниет жетіспейді. Айналдырған 16-ақ миллион халқы бар Қазақстан ат төбеліндей ғана жетімін баға алмай, шетелдіктерге, миссионерлерге сатып жатыр дегенді өз басым ұлттық тарихымыздағы ең ауыр сорақылық, кешірілмес күнә деп бағалаймын. Біз әлі ішкі ресурстарымызды сарқа пайдаланбай жатып, мұны бизнеске айналдырып, тірі жетімдерімізді мұхит асырып үлгердік. Рухани тоқыраушылығымыз бен сананың шайқалуы осыдан-ақ көрініп тұр. Біз мұндай келеңсіздіктерге үнемі қарсы болуымыз керек. Мәселен, темекі тарту, құмар ойнау заңмен тыйым салынбаған қылықтар, бірақ ол бұл нәрселер дұрыс нәрселер дегенді білдірмесе керек. Темекінің денсаулыққа зияны, құмар ойындарының қоғамға кесірі бесенеден белгілі. Темекі сататын дүкендердің шамын шағыңдар деп отырған ешкім жоқ, дегенмен біздің азаматтық позициямыз болуы керек қой. Темекі тартпай, оны тартатындарға ақыл айту арқылы осы індетпен күресеміз. Сол сияқты шетелдіктерге бала беруге заңдарымыз рұқсат етеді деп, халықаралық конвенциялар бізді осыған міндеттейді деп, көз жұмып отыруға да болмайды. Біз азаматтық пікірімізді айтып отырмыз. Бұл балалар кімнің баласы болса да қазақтың баласы, тіпті, мен оларды ұлтқа да бөліп отырғам жоқ, осы біздің сатылып жатқан жетімдеріміздің бәрі де өзіміздің балаларымыз, олар мұнда, өз кіндік қаны тамған өлкеде қалулары керек. Біздің кейбір азаматтарымыздың осындай шындықты көре алмай, балаларымызды өз елінде қалдырудың амалын ойластырудың орнына, мәселенің "төте" шешімін тауып, америкалық көкелерінің сөзін сайрап шыққаны мені түңілтіп отыр. Әрине, арамызда шоқынып кеткен және олардың тілеуін тілеп отырғандардың бар екенін мен де аңғарып отырмын. Жалпы олар кім өзі? Олар немен шұғылданады, олардың спонсорлары кімдер? Жетімдерді импорттау лоббиі және оның механизмдері туралы жан-жақты зерттеу жасалғаны жөн... Мен соңғы 15 жыл бойы жетім балалар үйлеріне барып жүрген адаммын, оларға қолымнан келгенінше көмек те беріп жатырмын, ұйымдастырып жатырмын. Олар мені әкелеріндей, қала берсе ағаларындай көреді. Мен олардың маған монтия қарап, жымия күлгендерін қалай ұмытамын? Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Орегон штатындағы америкалық өзі асырап алған 10 жастағы қазақ қызын зорлап, айуандыққа барғаны Парламент депутаттарынан бастап дүйім жұртты дүр сілкінткені жадымызда (http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=4&id=454). Жаңағы «жанашырлар» неге оқымайды сондайларды?! Сол кішкентай қыз баланың көрген және көрешек азабына кім жауап береді? Өз елінен өзге елге жіберілген балалар душар болған психологиялық травмаларға кім жауап беремек? Осы жағынан неге қарамаймыз?! Ай күннің аманында, ел аман жұрт тынышта, соғыс жоқ, ашаршылық жоқ уақытта біз 10 мың ұрпағымыздан айырылып қалдық!!! Міне, мені мазалап жатқаны осы. Адамның өмірі тек материалдық өмірден тұрмайды, оның рухани өмірі де бар, ішкі әлемі де бар. Сырты қанша бүтін болғанымен, онің іші бүлініп жатса, ол да дұрыс емес қой. Қарны тоқ, көйлегі көктің бәрі де бақытты емес. Әр адам осы екі өмірін өзінің елінде, өзінің ата-әжесі өсиет етіп қалдырған отанында өткізуі, кемелдендіргені абзал. Бізде жетімдерді америкалықтарға сату "исключение" емес, "общее" нәрсеге айналып кеткені қай заман. Қаншама фирма осы мәселемен айналысып жатыр. Интернетте бірнеше сағат отырып едім әлгі делдал фирмалар мен агенттіктердің сайтының көптігінен басым қатты. Енді қалған ғұмырымды осы сайттарды парақтаумен өткізсем де бітпейтініне көзім жетті. Олар республикамыздағы барлық жетімханаларды біледі, онда олардың "контактный" адамдары бар, видео руликтер түсірілген, фото-альбомдар даярланған, кәдімгі маркетинг жасалады, балалар кәдімгі зат сияқты, құрбандық сияқты клиенттерге көрсетіледі! Америкалықтар оның ішінде басқа ұлттың балаларын емес, негізінен біздің балаларды асырап жатыр. Ол неге? Неге ойланбаймыз? Оларға өздеріне ұқсас типтен алға дұрыс емес пе негізінен. Барлық мақсат қазақ балаларын апарып, оларды шоқындырып, бізге қарсы пайдалану, бізді іштей бүлудің амалдары жасалып жатыр. Олар өз сайттарында балаларды Иса Мәсіхтің бұйрығы бойынша асырап алып жатқандарын сан мәрте жазған (қосымшаға қараңыз). Олар көбінесе ауру балаларды асырып жатыр дегенге де келіспеймін, өйткені олардың сайттарындағы асыранды балалардың суреттерін көрдім, бәрі де денсаулығы тәуір, түрлері сондай сүйкімді көзің жауын алатындай балалар. Әлгі шетелдіктердің «жанашырлары» «балалар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан берілуі керек, әйтеуір, олар бір жанұяда өссе болғаны» деп уәж айтады. Бұл барып тұрған нонсенс. Бұл ойыншық емес, бұл зат емес. Бала біріншіден өзінің әке-шешесінің баласы болғанымен, ол екіншіден өзінің халқының, ұлтының баласы. Тағдырдың түрлі жағдаятымен әкесінен не шешесінен не болмаса ол екеуінен де мақұрым болып қалған балаларды енді халқынан, отанынан, туған ұлтынан мақұрым етуге ешкімнің де хақысы жоқ. Оның ішінде әке-шешесі тірі балалар да кетіп жатыр, сот үкімімен ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары да жетім санатына кіреді екен. «Мен әйелмін, анамын» дей отырып, жетім балаларымызды не болса о болсын әйтеуір бір жанұяда тұрсын деген құр риторикаға негізделген жалған желеумен шетелдің миссионерлеріне сатуға тілеулес болған қыздарымыз біздің ұрпақ ұрынған рухани апаттың бетке шығуы ғана деп білемін. Мен қазақтың баласының, қазақстандағы жетімдердің, тіпті, 100 миллиард доллар берсе де сатылуына қарсымын. Интернеттегі делдалдар 20-40 мың долларды көрсетіп отыр. Бала жетім болып қалса оған сол баланың жақын туыстары қамқоршы болуы керек, егер олар осы туыстық, рухани борыштарын өтемесе, онда біздің мемлекет деген қамқоршымыз сондай балалардың мұң-мұқтажын өтеуі керек. Өз ұрпақтарын шетелдіктерге тапсыруға асығатын, санасы шайқалған "аналардан" елімізді сақтасын!!! Ондайлар мәселеге ана ретінде қарап отырған жоқ. Олардың санасы американдық операцияға ұрынған, тіпті өз елін қаралай салудан тайсалмайды. Қазақтар жетімдерді жек көреді, олардың гендері анау-мынау дегендері тек жала мен өтірік қана емес, бұл қиянат. Айтып отырмын ғой, бұрынғы заманда қазақта жетім деген де болмаған, баланың әкесі өлсе әке жағынан туыстары, өзінің руластары, ауылдастары, нағашылары сол баланы бағып, өсіріп, тәрбиелеп шығарған. Далада қалған жан жоқ, түгел бір руды жоққа шығара алмайсың ғой, бұл олар үшін өте үлкен намыс болған. Жетімі, жесірі қаңғырып кетіпті деген сөз бір ғана әулет үшін емес, түгел бір ру-тайпа үшін бетке таңба болатын нәрсе. Санасы шайқалып, өзінің ұлтынан безген, басқа жұртты мадақтағанда алдына жан алмайтын ұрпақтарымыз бүгін өзінің елін қаралаумен болып жүр. Ең болмағанда "су ішкен құдығыңа түкірме!" дегенді естімегені. Ықпалды топтардың құшағына кірген осындай адамдар біржақты ақпарат алып, біржақты мәлімдеме жасайды. Отарлаушылардың көзілдірігін көзінен шешпейінше олардың шындықты көруі, тіпті, мүмкін емес. "Бөлшектеп биле!" деген принциптің қалай әсерлі іске салынғанын түсіну үшін осындай «жанашырлардың» мақалаларын оқыса жеткілікті.... Жетімдер мәселесі көкірек көзі ояу әрбір қазақ азаматы үшін ең маңызды намыс мәселесі, қадыр-қасиет мәселесі болуы шарт. Тағы да қайталап айтамын, қазақтың бір баласын да бүкіл әлемге айырбастамас едім! Осы жерде осы елде дүниеге келген балалардың барлығы да ең әуелі біздердің балаларымыз, кімнен туса да, қай ұлттың өкілі болса да мен Қазақстанның балаларының шетелдіктерге сатылуына өмірімнің ең соңғы деміне дейін қарсы болмақпын! Шетелдердегі жақсы адамдар, тәртіпті адамдар бар болсын, аман болсын, оларға тек ізгілік тілеймін, бірақ Қазақтар өз жетімдерін асырай алмай шетелдіктерге сатып жатыр деген біздің маңдайымыздағы таңба, ұят және кешірілмес күнә болып қала бермек. Ауру балаларды мемлекет есебінен шетелде емдетіп, сонсоң елге қайыра алып келейік, оларды да тастамайық. Балаларымызды шетелдіктерге сатуды ақтайтын ешбір себеп жоқ. Қазақтың баласын шетелдіктерге сатуға қарсы шығудың орнына, әйтеуір бір амалын тауып, оларға араша түсу үшін қалай белсенді бола қалғандарын байқай ма екен әлгі «жанашырлар»? Әттең, ұлтқа пайдалы бір мәселеде де осылай қайраткерлік танытқандарыңда, обал-ақ! Біз жас мемлекетпіз, жаңа ғана тәуелсіз болдық, жеріміз кең және асты байлыққа толы. Қазіргі ең маңызды мәселе тәуелсіздігімізді сақтап, халқымыздың бірлігін нығайтып, түрлі жат пиғылдардан сақтану. Бізді бөліп бөлшектегісі келетін күштер әрине бар, олар организмге түрлі жолдармен кірді, бірі вирус болып, бірі бактерия болып дегендей. Организмнің иммунинеті күшті болмаса осыншама шабуылға төтеп бере алмайды. Қайсы біріне қарасын?! Аяғында организм жеңіледі де құлайды. Біздің елге бұл күштер әр арнадан, саңылаудан кіріп жатыр, кірмек тұрмақ олар тамыр жайып, қоныстанып үлгерді. Рак клеткалары сияқты көбейіп келе жатыр. Экономика саласында олар бізді бағындырды. Саяси ықпалдар күшейді, ақпараттық ортада ықпалдары басым. Тіліміз шалажансар халде, дініміз бүлінді. Организмдегі ағзалар қабынды. Миссионерлердің түрлі жоспарлары бар, қазақ қыздарына үйленеді, жетімдерімізді асырап алады. Бізде өмірге тек материалистік жағынан ғана қарайтын дүбәрә қыздарымыз толып жатыр, ұлттық сана қалыптаспаған олар жақсы өмір сүремін деп өзіне ұнаған шетелдіктерге тиіп жатыр. Он мың баладан бір армия құруға болады, ол күндердің күні солай болады. Пәленбай мыңдаған жылдар бойы үзіліссіз келе жатқан туған ортасынан, тілінен, дінінен, ділінен ажыратылған бұл балаларды ертең олар қандай мақсатқа пайдаланатынын уақыт көрсетеді, тірі болсақ әлі көрерміз көресінді. Неге немістер, шведтер, финндер келмейді де өңкей протестант америкалық миссионерлер мен олардың әскерилері, арнайы қызметтегі адамдары келіп біздің балаларды әкетеді? Неге америкалықтар қасындағы мексикадан не болмаса латын америкасынан емес біздің елден 10 мың баланы әкетеді? Бұларға кім спонсор? Бала асырап алған америкалықтарға қандай артықшылықтар беріледі, қандай жеңілдіктер алады? Еш нәрсе тектен текке, бекерден бекерге жасалмайды. Бұл "жекелеген оқиғалар» (индивидиуальные случаи) емес, алдымызда ұйымдасқан, жоспарлы жасалып жатқан операция тұр. Біздің көзімізді шел басқандай, ақыл-есіміз тұтығып қалғандай, қарап отырмыз телміріп, өз ұрпақтарымызды зорлықпен емес, өз ықтиярымызбен шетелдіктерге тапсырып. Айтарым осы еді....
Мұртаза БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты,
Дінтанушы, мәдениеттанушы 8 наурыз 2010