Ережеп пен Рамазанның арасындағы Шағбан айының он бесінші түні - мүбәрак Бәраат түні. Оны береке, кешірім, рахым түні деп санауға болады. Ислам күнтізбеде «Бәраат түні» ерекше аталып, қасиетті Рамазанға он бес күн қалғандығын білдіреді. Бәраат түні - баршаның тағдыр бағдарламасы сызылып, періштелерге тапсырылып,[1] құлдардың жыл бойы жасаған амалдары Алла тағалаға ұсынылады. Ислам дінінің пайда болу кезеңі Асры саадатта[2] (бақытты ғасыр) айдың қақ бөлінуі осы Бәраат түніне дөп келгендігін айтқан ғалымдар бар. Бәраат түнінде - Жаратушы Иеміз құлдарының тәубесін қабыл етіп, күнәсін кешіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәраат түнін ғибадатпен өткізген. Айша (р.а) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түні орнынан тұрып намаз оқыды. Сәждеде көп тұрғаны сонша - мен оның демі үзіліп кетті ме деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигізіп едім, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде былайша жалбарынғанын естідім: «Раббым, азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сыйынып, Өзіңді қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді». Намазды бітіргенде: - Айша, Алла Тағаланың Елшісі саған әділетсіздік жасайды деп ойладың ба?- деді. Мен: - Жоқ, уаллаһи, Пайғамбарым. Ондай ойым жоқ. Бірақ сәждеде ұзақ уақыт тұрып қалғаныңды байқап, үзіліп кетті ме деп ойладым. - Бүгін қандай түн екенін білесің бе? - Алла және оның Елшісі жақсы біледі. Сонда Ол (с.ғ.с.): - Бұл түн - шағбанның он бесінші түні. Алла Тағала шағбанның он бесінші түні құлдарына рақымын төгіп, кешірім тілегендерді кешіріп, «рақым ет!» деп жалбарынғандарға рақым етеді. Тұла бойы қастыққа тұнғандарды өз еркіне қалдырады», - деді».[3] Бәраат түні Алла тағала адам баласының жасаған құлшылықтары мен дұғаларын қабыл етіп, ерекше жарылқайды. Діни кітаптарда бұл түні періштелердің Алланың әмірімен адамның бір жылдық рызық-несібесі, бай немесе кедей болатынынан, ғұмырларының ұзаруы немесе ажалының келуі жайлы хабарларды дайындайтындығы туралы айтылған. Осы түнді құлшылық, нәпіл намаздармен өткізу үлкен сауап. Сонымен қатар Абдулла ибн Омардың риуаяты Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды» деді. Олар: 1.Ережеп айының алғашқы түні, 2.Шағбан айының ортасы (Бәраат түні), 3.Қадір түні, 4.Бірінші айт күні.[4] Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он үшінші түні үмбетіне шапағат етуді тілеген болатын. Алла Тағала шапағат ету құқығының үштен бірін берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он төртінші түні қайтадан үмбетіне шапағат етуді сұрайды. Алла Тағала тағы үштен бірін береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он бесінші (Бәраат) түні қайтадан дұға етеді. Осы түні Алла тағала пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне шапағат ету құқығын толықтай береді. Бірақ кей адамдар Алладан қашып жүріп, бұл шапағаттан құр алақан қалмақ.[5] Қадір түні мүбәрак болғандай, Бәраат түні де пенделер үшін мүбарак түн саналады. Ғаус Ағзам Абдулқадыр Жайлани: «Мұсылман баласының жер бетінде екі (Рамазан мен Құрбан) мейрамы болғандай көктегі періштелердің де екі мейрамы бар. Олар: Бәраат пен Қадір түні. Періштелердің мейрамы түнде. Өйткені олар ұйықтамайды. Ал мүміндердің мейрамы күндіз. Өйткені олар түнде ұйықтайды»,[6] дейді. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының орта түнінің алғашқы уақытында Жәбірейіл періште маған келіп былай деді: «Уа Мұхаммед! Көзіңді көкке қарат!» деді. Мен: «Бүгін қандай түн?» деп сұрадым. Сонда: «Бұл түнде Алла Тағала рахым есіктерінің үш жүзін ашады. Өзіне серік қоспағандарды кешіреді. Ал сиқыршы, дуакештер, ішімдікке салынғандар, аса дүние құмарлар, пайыз алушы, зина жасаушылар тәубеге келмейінше оларды кешпейді», деді. Түннің бір бөлігінде Жәбірейіл періште тағы келді де: «Уа Мұхаммед! Басыңды көтер! деді. Жұмақ есіктері ашылыпты. Бірінші есігінде бір періште: «Бұл түні рүкүғ жасағандар қандай бақытты!» десе екінші есіктегі періште: «Бұл түні сәжде еткендер қандай бақытты!», Үшінші есіктегі періштелер: «Бұл түні дұға жасағандар қандай бақытты!», Төртінші есіктегілер: «Бұл түні Алланы еске алып зікір еткендер қандай бақытты», Бесінші есіктегілер: «Бұл түні Алладан қорқып көз жасын төккендер қандай бақытты», Алтыншы есіктегілер: «Бұл түні мұсылмандар қандай бақытты», Жетінші есіктегілер: «Дұға жасаушы бар ма екен, Алла оның қалауын берсін!», Сегізінші есіктегілер: «Кешірім тілеуші бар ма екен, Алла оны кешсін!» деп тұр екен. Сонда Мен Жәбірейіл періштеден «Бұл есіктер қай уақытқа дейін ашық болады?», деп сұрадым. Сонда ол: «Күн ұясына батқан шақтан таң ағарғанға дейін» деді де «Уа Мұхаммед! Бүгін Хақ тағала Кәлб тайпасының қойларының жүніндей (әрбір қылшығындай) адамдарды тозақтан құтқарады», -деді».[7] Байһакидің «Шуабул Иманында», Ибни Жәрирдің тәпсірінде және Табаридің өзі Үбайд ибн Адам ибн Әби Иас, Үбайдтың әкесі, Лайс, Уқайл ибн Халид, ибн Шихаб, Осман ибн Мұхаммед ибн әл-Муғира ибн әл-Аһнас арқылы риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ажал, Шағбан айынан Шағбан айына дейін анықталады. Тіпті біреу үйленіп, балалы болайын деп жатса да, сол жылы қайтыс болатындардың тізімінде аты орын алып жататын кез де болады».[8] әд-Дәйнури, әл-Жужаләсада Рашид ибн Саадтан алғанына қарағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортаңғы түні Алла Тағала өлім періштесіне «осы жылы алынатын адамдардың рухын ал» деп уахи етеді».[9] Айша анамыз (р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», деп сұрадым. «Иә, бір жыл ішінде қайтыс болатындар тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалым Алла тағалаға құлшылық етіп, игі амал жасау барысында жазылғанын қалаймын» Ибни Нәжжардың риуаятында «Айша! Бұл айда ажал періштесі рухы алынатындардың тізімін жазады. Менің де атым ораза тұтқан кезімде жазылғанын қалаймын» деген еді.[10] Ибни Әби Дүния Ата ибн Иасирдің «Шағбан айының ортаңғы (Бәраат) түні ажал періштесіне тізім жазылған парақ беріледі де оған: «Егер құлым ағаш отырғызып, үйленіп, немесе үй соғып жатса да есімі мына тізімде бар болса оның рухын ал»[11] дегенін айтады. Бәраат түні құбыла өзгерген. Кейбір ғұламалар Мәдинада құбыланың Қудус мешітінен Меккедегі Қағбаға қарай өзгеруі һижри жыл санақтың екінші жылы яғни Бәраат түніне сай келгендігін айтады. Бәраат түнін - құлшылықпен, күндізін оразамен өткізу мұстахап амалға жатады. Әнас (р.а.): «Төрт түн күндіздері сияқты, төрт күндіз де түндері сияқты (мүбәрак әрі қасиетті)». Алла Тағала осы күні серт бергендердің сөзін шыншыл шығарады (ант еткеннің қалауын), тілегеннің тілеуін береді. Адамдарға мәңгі сауап пен сый тарту етеді. Бұл уақыт: «1. Қадір түні, 2. Арапа түні, 3. Бәраат түні, 4. Жұма түні (бұл күндердің түндері мен күндіздері де)».[12] Кейбір ислам ғұламалары былай деген: Бәраат түні Құран Кәрімнің «Ләухул Махфуздан»[13] дүниенің көгіне түсірілгендігін, Қадір түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғаш рет Құран аяттары бөлек-бөлек түсіріле бастаған. Көптеген тәпсірші ғалымдар
حم. وَالْكِتَابِ الْمُبِينِ. إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ إِنَّا كُنَّا مُنذِرِينَ. فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ. أَمْراً مِّنْ عِندِنَا إِنَّا كُنَّا مُرْسِلِينَ
«Ха, Мим. Ұлы Құранмен ант етемін! Құранды Біз анығында, мүбәрак түнінде түсірдік. Шынында, Біз адамдарды (сонымен) ескерттік. Сол түнде хикметті істің барлығы (қатесіз, нақты) жіктеледі. Мұның барлығы - Біздің қолымыздағы тағдыр»,[14] деген аяттағы «Ләйла-и Мубарака» (Мүбәрак түн) осы Бәраат түні деп жорамалдайды. Өйткені басқа аятта Құранның Рамазан айында (Қадір түні) түсірілгендігі айтылады. Олай болса Құран, Бәраат түні Ләуһи Маһфуздан дүниенің көгіне түсірілген деген пікірге тоқталады.[15] Фахриддин Рази былай дейді: Атийаи Харури, Абдулла ибн Аббастан
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ
«Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік»[16] және
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ
«Құранды Біз анығында, мүбәрак түнінде түсірдік»[17] деген аят туралы: «Ұлы Алла Тағала Құранды (23 жыл ішінде) бүкіл айда түсіре тұра, «осы түні түсірдік» дегенді түсінбедім» деп сұрайды. Сонда Ибн Аббас (р.а.): «Ей Ибну Әсуад! Құран Кәрім әуелі толықтай Ләуһи Махфуздан дүниенің көгіне түсті. Одан кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілді» деді.[18] Ибн Аббас (р.а.) «Дұхан» сүресіндегі «حم» (Ха, Мим)[19] аяты «Ұлы Алла Тағала қиямет күніне дейін ненің болатынын және қалай болатынына пәрмен етуі. «Түсірілген бұл кітап...»[20] Құран, ал «мүбәрак түн...» Шағбан айының ортасы, яғни он бесінші түн. Бәраат түні»,[21] дейді. Сондықтан да мүбәрак болған Бәраат түнін құлшылықтармен яғни тәубе етіп, дұға жасап, намаз оқып, Құран оқып, пайғамбарымызға салауат айтып өткізген абзал.
Қалмахан Ержан,
ҚМДБ қызметкері
[1] «Дұхан», 44/3; Тафсири Табари, 13/109; Ибраһим Жанан, Кутубу Ситта, 3/287
[2] Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір сүрген дәуірі.
[3] Мунзири, әт-Тарғибут Тарһиб, 2/118
[4] Абдулла Ибни Әюб, қасиетті күндермен-түндердің артықшылығы, 65
[5] Елмалылы, Хақ Діні, 7/68; Алуси, 13/112
[6] Жайлани, Гуниятут Талибин, 87-88
[7] Жайлани, а.а.е., 84-86
[8] Тафсири Табари, 13/109; Суюти, Дүррул Мансур, 7/401; Ибни Атийа, әл-Муһаррар, 13/263.
[9] Суюти, Дүррул Мансур, 7/401
[10] Суюти, Дүррул Мансур, 7/402
[11] Суюти, Дүррул Мансур, 7/402
[12] Дәйлами; Ахмад Зияуддин Гумушһанауи, Рамузул Әһадис, 69
[13] Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады.
[14]
«Дұхан», 44/1-5. Бұл аяттың жалғасы ретінде: «Анығында (пайғамбарларды)
Біз жібердік. Раббының рахымы деген осы. Ол, сөз жоқ, бәрін естіп,
біліп тұрады. Егер шын сенуші болсаңдар, тегінде, көктің де, жердің де,
оның екі арасындағылардың да иесі сол. Одан басқа тәңірі жоқ. (Ол)
тірілтеді, тірінің жанын алады. Сендердің де, бұрынғы ата-бабаларыңның
да Раббысы - сол», «Дұхан, 44/6-8
[15] Елмалылы, Хақ Діні, 7/68-69
[16] «Қадір», 97/1
[17] «Дұхан», 44/3
[18] Фахриддин Рази, 27/240; Суюти, 7/398; Алуси, 13, 1/111
[19] «Дұхан», 44/1
[20] «Дұхан», 44/2
[21] Абдулқадир Жайлани, Гуниятут Талибин, 70-71 |